Әлеуметтік-экономикалық даму мен азаматтардың тұрмыс сапасы – егіз ұғым. Биылғы жеті айда ел экономикасының өсімі 6,3 пайызға жетті. Сарапшылар мұны тұрақты даму белгісі деп бағалайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Экономикалық көрсеткіштер халықтың тұрмысына қалай әсер етуде? Біз осы сұрақ төңірегінде сарапшылар пікіріне сүйеніп, нақты деректермен тереңірек талдап көрдік.
Тұрмыс сапасының жақсаруы нақты қандай өзгерістерден байқалады?
Кейінгі жылдары ел тұрғындарының өмір салты, тұтыну мәдениеті айтарлықтай өзгерді. Мысалы, ішкі туризм көрсеткіші 40 пайызға артып, жылына 10,5 миллион адамға жеткен. Шетелдік туристердің саны да үш есеге көбейіп, қазір 1,19 миллион адамды құрайды.
Экономиканың тағы бір көрсеткіші – көлік саласы. Әуе тасымалы жолаушыларының саны 14,4 миллионға жетсе, такси қызметін пайдаланушылардың үлесі 35 пайызға артқан. 2018 жылы 54,3 миллион адам такси пайдаланса, былтыр бұл көрсеткіш 73,3 миллионға жетіпті. Соңғы 5 жылда 1,13 миллион азамат баспаналы болғаны да халықтың әл-ауқаты жақсарғанының айқын дәлелі.
Экономист Руслан Сұлтановтың айтуынша, қазір халықтың тұтыну әдеті де өзгерген.
«Ел тұрғындары сапалы әрі пайдалы өнімдерді көбірек таңдайды. Әлеуметтік осал топтарға арналған азық-түлік себетінің құрамы бұрын 20 өнімнен тұрса, қазір 43-ке жетті. Бұл халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған маңызды қадам», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар ауылдар мен қалаларда газдандыру, көше жарықтандыру, жол жөндеу және аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай өзгерістердің нәтижесі әсіресе өңірлерде айқын сезіледі.
Экономиканы әртараптандырудың тиімділігі неде?
Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін дәстүрлі шикізат өндірісіне тәуелділіктен арылып, өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысының тікелей бақылауымен жүзеге асырылуда.
Бұрын бірінші кезекте шикізатты экспортқа жіберу маңызды болса, бүгінде ішкі нарыққа басымдық беріліп отыр. Экспорттың құрылымы да әртараптанып келеді. Мәселен, күнбағыс майы экспорттық тауарлардың үздік ондығына енген. Сонымен қатар Қазақстан АҚШ-қа сутегі, инертті газдар және оптикалық құралдарды экспорттай бастады.
Түркияға мұнай өнімдері, пропилен полимерлері, бұршақ және мақта талшығы экспортталуда. Қырғызстанға да мұнай өнімдері, минералды сусындар, темекі өнімдері мен цемент жеткізіледі. Еуропа елдеріне фармацевтикалық өнімдер мен косметикалық құралдар экспорты айтарлықтай артқан.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Бауыржан Тұрлыбековтың пікірінше, Қазақстан үшін дәнді дақылдар мен майлы дақылдардың экспорты басым бағыт болуы тиіс.
«Дәнді және майлы дақылдарымызды әлемдік брендке айналдыруға мүмкіндігіміз зор. Мемлекеттік қолдау мен сапалы маркетинг болса, осы бағыттағы экспорттан ұтылмасымыз анық», – дейді ол.
Экспорттың ішкі нарықтағы бағаға әсері қандай?
Экспорттың ұлғаюы ішкі нарықтағы тауар бағасына да әсер етеді. Сондықтан Үкімет экспорт көлемін бақылап, ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды.
«Мысалы, азық-түлік корпорациясы мен кәсіпкерлер арасында ішкі нарықты қолжетімді бағамен қамтамасыз ету туралы келісімдер бар. Май өндірушілермен өнім бағасын белгілі бір шектен асырмау туралы келісім жасалады. Мұның бәрі ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға бағытталған», – дейді Бауыржан Тұрлыбеков.
Қорытындылай келгенде, экономикалық өсім ел тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталып отыр. Мемлекеттік қолдау мен экономиканы әртараптандыру бағытындағы нақты қадамдар нәтижесінде елдің даму қарқыны тұрақты сақталмақ. Мұның барлығы – халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге жасалған нақты қадамдар екені сөзсіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







