Иманғали Тасмағамбетов украиналық «Миротворец» сайтының «қара тізіміне» енді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Украинадағы қақтығыс басталғалы бері Ресейдің әскери әрекетін қолдағандарды әшкерелеп жүрген «Миротворец» сайты бұл жолы ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовке айып тақты.
Украиндар Тасмағамбетовті «соғысты насихаттап, Кремль агрессиясын қолдады» деп айыптап отыр.
Сайт авторларының жазуынша, Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы ретінде ұйымға мүше елдердің әскерін Мәскеуге көмек ретінде Киевке жіберуге дайын болған.
«Тасмағамбетов Ресейдің Украинаға жасаған зымыран шабуылдарын ақтап сөйлеген. Сондай-ақ ол Батыстың Киевке қару жеткізуіне қарсы шығып, ресейлік агрессияны толық қолдап келеді. Бұған қоса, Выборг кеме жасау зауытының акционері және КамАЗ-дың директорлар кеңесінің мүшесі», – делінген «Миротворец» жариялаған материалда.
Айта кетейік, Иманғали Тасмағамбетов 2023 жылдың қаңтарынан бері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы қызметін атқарып келеді. Оған дейін Қазақстанда премьер-министр, Қорғаныс министрі, Атырау облысының, Алматы мен Астананың әкімі, сондай-ақ Ресейдегі елші қызметін атқарған.
Қазақтілді ортада Тасмағамбетовті «ресейшіл саясаткер» деп айыптайтын қауымның шоғыры ұлғайып келеді. Бұған қатысты Имекең: «Әр мәселенің әділдігін адам көрмесе де, Алла көріп тұр», — деп жауап қатқан еді.
Тасмағамбетов сөй дей келе, әлгіндей пікірдегі аудиторияға өзінің өкпе-ренішін жасырмай жеткізген.
«Кейбір бақытсыз жандар мені «ресейшіл», «орысшыл» деп қаралап жүр. Келіссөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған заманда, ОДКБ-ға туған елімнің атынан барып, мемлекеттің мүддесі үшін от пен суға түскенім үшін сатқын болғаным ба?.. Қадірімді білмегендердің арасында еңсемді түсіргім келмейді», — деген-тұғын саясаткер.
Айтуынша, Украина мен Ресейдің арасындағы қантөгісте жеңімпаз болмайды. Бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық. Ал өз ұлтына соғыс тілеу нағыз қаніпезерлік…
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

