Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Бас жоспарды жаңарту және құрылыс жобаларын іске асыруға арналған кеңейтілген жиын өтті. Жиында қаланың келешек дамуына ықпал ететін маңызды бастамалар талқыланды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде полиорталықтарды дамытуға басымдық берілді. Әсіресе «Батыс қақпа» және «Шығыс қақпа» жобаларына тоқталынды. Бұл аудандарда жаңа тұрғын үйлер, іскерлік орталықтар, қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік нысандар салынып, қала орталығына түсетін салмақ біршама жеңілдейді. Жаңадан қалыптасатын аймақтар Алматының сапалы әрі жоспарлы өсуіне ықпал етеді.
Дархан Сатыбалды жиында құрылыс сапасын күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.
– Алматының Бас жоспарын түзету қазір өте маңызды. Әрбір жоба сала мамандарының сүзгісінен өтіп, барлық талапқа сай болуы қажет. Егер қандай да бір кемшілік табылса, ол нысан пайдалануға берілмей тұрып міндетті түрде түзетілуі керек, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, тұрғындар үшін маңызды мәселелер талқыланды. Әкімнің айтуынша, жасыл аймақтарды сақтау, мектептердің және әлеуметтік нысандардың жаяу қашықтықта орналасуы басты талаптардың бірі. Қала мүддесі бірінші кезекте тұруы керектігі де айтылды.
Жаңартылған Бас жоспардың маңызды тұстарының бірі – таулы аймаққа құрылысқа мораторий енгізу. Бұл шешім Президенттің Алматыға жасаған сапарында берген тапсырмасына сәйкес қабылданды.
Кеңесте айтылған бастамалар жүзеге асса, қалада жаңа аудандар пайда болып, бизнес орталықтары мен қоғамдық кеңістіктер көбейеді. Тарихи орталық бұзылмай, жасыл аймақтар сақталып, құрылыс пен экология арасында тең үйлесім қалыптасады. Алматының сәулеттік келбеті жаңарып, туристік тартымдылығы да артады.

