Жетісу облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 123 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылдың басынан бері 74,2 млрд теңгенің азық-түлік өнімі өндірілді. Жалпы, өңірде өндірілген өнімді қайта өңдеу көлемі 68%-ға жетті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 500,0 мың гектар болған. Бұл ретте қант қызылшасын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыс құрылғаннан бері тәтті түбірдің егіс алқабы 2022 жылғы 4,2 мың гектардан биыл 12,2 мың гектарға дейін үш есеге жуық ұлғайған.
Өткен жылы өңірде қант қызылшасынан рекордтық өнім алынып, жалпы түсім 630 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар 2023 жылы үш жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жаңғыртудан өткізіліп, іске қосылды.

Бұдан бөлек, 60 млн еуро инвестиция тартылып, Көксу қант зауытының жылдық қуатын 500 мың тоннаға ұлғайту жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ ұзақ уақыт жұмысы тоқтап тұрған «Жетісу Мажико» агрокешені қайта іске қосылып, майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорны жұмысын жандандырды. Кәсіпорынның қуаттылығы 100 мың тоннаға дейін шикізат өңдеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде өңірде қант қызылшасынан басқа дақылдарды жинау толық аяқталды. 284,9 мың гектар дәнді дақылдың 771,9 мың тоннасы бастырылды. 106,5 мың гектар майлы дақылдан 233,7 мың тонна өнім алынды. Егілген 15,2 мың гектар картоп пен көкөніс-бақша дақылдарынан 404,8 мың тонна өнім жиналды. Бүгінде қант қызылшасының 11,4 мың гектары, яғни 93,9%-ы жиналып, 452,2 мың тонна өнім алынған.
Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешенге (АӨК) 20 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, оның ішінде азық-түлік өнімдерін өндіру саласы да бар. Жалпы алғанда, 2025–2027 жылдарға арналған Инвестициялық жобалар картасы аясында өңірдің АӨК саласында жалпы құны 94,4 млрд теңге болатын 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде биыл ылғал үнемдеу технологиясы бойынша 6 жоба жүзеге асырылуда.

– Өңірде бұрын айналымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайта айналымға енгізу жұмыстары жүргізілуде, ирригациялық желілерді қалпына келтірудің 6 жобасы іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 23,2 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және 5,3 мың гектар жаңа жерді айналымға қосу жоспарланған.
Бұдан бөлек, су ресурстарын үнемдеу мақсатында ылғал үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану жұмыстары жүргізілуде. Биыл мұндай технологияны енгізу аумағын 55,2 мың гектарға жеткізу межеленіп отыр. Бүгінде оның көлемі 36,1 мың гектарға жетті, соның ішінде тамшылатып суару – 14,1 мың гектар, жаңбырлатып суару – 22 мың гектар, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Атап өтсек, Жетісу облысы құрылғаннан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 1,3 млн гектар жер анықталған. Оның 712 мың гектары қайта айналымға енгізілді, ал 600,4 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Мемлекеттік меншікке қайтарылған жайылымдық жерлердің 151,7 мың гектары елді мекендердегі жеке аулалардың мал жайылымы үшін берілді, ал 269,2 мың гектары конкурс арқылы таратылды. Қалған 179,5 мың гектар жерді айналымға енгізу жұмыстары келесі жылдың бірінші жартысында аяқталмақ.

Жыл басынан бері мал басы 2,6 млн басқа жетті. Нарықты ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында өңірде 27,7 мың басқа арналған 71 бордақылау алаңы, 8,3 мың басқа арналған 35 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Сонымен қатар үш ірі тауарлы сүт фермасы 2 млрд. теңге инвестция тарта отырып, 1190 басқа дейін кеңейтілді.
Ветеринария саласы да назардан тыс қалған жоқ. Облыс құрылғанға дейін 34 ветпункт болса, соңғы үш жылда тағы 67 жаңа ветеринариялық нысан пайдалануға берілді. Келесі жылы 16 нысан салу жоспарланып отыр, соның нәтижесінде ауылдық округтер ветеринарлық нысандармен толық қамтылады.
Жалпы, биыл Жетісу облысында ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 64 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде субсидиялар, жеңілдетілген несиелер және техниканы лизингке алу қаражаты бар. Соның 10 млрд теңгесі «Кең дала» бағдарламасы аясында бөлінген. Ал 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 403,6 млрд теңгені құрады.

