Түркістанда Республика күні қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің пленумы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын орындау жолдары талқыланды. Ertenmedia.kz тілшілері осы пленумның мәні мен өңірдегі басты бағыттар және Президент Жолдауының маңызы жайында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтен сұрап білдік.
– Нұралы Әлмаханұлы, Президенттің жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанға арналған Жолдауы Түркістан өңіріне, әсіресе ардагерлер қатысқан осы пленум жұмысына қандай мазмұндық серпін берді деп ойлайсыз?
– Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі, ел дамуын тек экономика немесе саясат тұрғысынан емес, цифрлық өзгерістермен бірге қарастыру. Жасанды интеллект, цифрландыру, жаңа технологиялар деген ұғымдар қазір әр салаға кіріп жатыр. Түркістан облысы да осы үдерістен шет қалмауда.
Пленумда ардагерлерге Жолдаудың негізгі басымдықтарын түсіндіру, оны күнделікті өмірмен байланыстырып жеткізу маңызды болды. Ақсақалдар жастарға сөз өтізе алатын буын. Олар Жолдауда айтылған еңбек, заңға құрмет, білім, жаңа технологияны игеру идеяларын өз ортасына жаймен түсіндіре алады. Сондықтан бұл пленумды Жолдауды түсіндірудің және оны өңір жағдайына бейімдеудің бір алаңы деп қабылдаймын.
– Пленумда жасанды интеллект, цифрлық өзгерістер туралы айтылды, осы жаңа үдерістерді Түркістан өңірінің білім, экономика, қоғамдық өмір салаларында іске асыруға қатысты қандай нақты қадамдар жоспарланып отыр?
– Жасанды интеллект десе, көп адам оны тек ІТ мамандарының жұмысы сияқты көреді. Шын мәнінде ол ауыл шаруашылығында да, медицинада да, білім беру саласында да қолданыла алады.
Түркістан облысында цифрлық сервистерді көбейту, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Білім беру саласында цифрлық платформалар арқылы оқушылардың үлгерімін талдау, мұғалімдердің жүктемесін жеңілдету бағытында пилоттық жобалар қаралуда.
Экономикада инвестициялық жобаларды жоспарлауда деректерді талдауға мән беріледі. Ардагерлермен кездесуде біз осы өзгерістердің түпкі мақсаты адамның өмірін жеңілдету, жемқорлықты азайту, ашықтықты күшейту екенін түсіндірдік. Технологияны адамға қарсы емес, адам игілігі үшін қолдану негізгі ұстаным болуы тиіс.
– Сіз пленумда Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін айттыңыз, осы бағытта Президент Жолдауы мен ардагерлердің, зиялы қауымның қолдауы қалай тоғысады деп санайсыз?
– Инвестиция дегеніміз тек ақша емес, сонымен бірге сенім. Шетелдік немесе отандық кәсіпкер өңірге келсе, ең алдымен тұрақтылыққа, қоғамның көңіл күйіне қарайды.
Президент Жолдауында заң үстемдігі, қарапайым халықтың құқығын қорғау, әділдік мәселесі нақты көтерілді. Егер өңірде осы талаптар орындалса, бизнес те батыл келеді. Ардагерлер, зиялы қауым ауылдағы, қаладағы басқосуларда кәсіпкерлерге деген көзқарасты дұрыс қалыптастыруға әсер ете алады.
«Шетелдік инвестор келсе, жерімізден айырыламыз» деген секілді негізсіз қорқынышты сейілту керек. Инвестиция арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады, жастарға мүмкіндік туады, салық түсімі көбейеді. Пленумда біз осының бәрін ашық айтып, ардагерлерді түсіндіру жұмысына белсенді араласуға шақырдық.
– Жиынға «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» өкілдері қатысты, Жолдауда айтылған жастар тәрбиесі бағытын жүзеге асыруда осы құрылымдардың маңызын қалай бағалайсыз, олардың нақты қандай үлгі көрсетуі қажет деп ойлайсыз?
– Жолдауда жастарға дұрыс бағдар беру, отбасылық құндылықтарды сақтау, еңбекке баулу мәселелері жиі айтылады.
«Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасы» осы бағыттағы тірек ұйымдардың бірі. Мектептегі тәрбие тек мұғалімнің мойнында қалмауы керек. Әке баласына, әже немересіне өмірлік мысал арқылы ықпал етеді. Олар жұмысқа адал қараудың, уәдеге тұрудың, ел мен жерге құрметтің не екенін қарапайым сөзбен жеткізе алады.
Пленумда біз осы ұйымдардың жұмысын күшейту, кездесулер санын арттыру, ауылдық жерлерде жасөспірімдермен көбірек жүздесу керектігін айттық. Жастар үлкеннің айтқанын тыңдайтын орта қалыптастыру арқылы Президент Жолдауындағы адам капиталына қатысты талаптарды орындауға болады.
– Ел ағалары Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бағытында ортақ шешім қабылдады, осы құжаттың аясында алдағы уақытқа қандай нақты жоспар қойдыңыздар, ардагерлер кеңесі мен мәслихаттың бірге атқаратын жұмысы туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Қағаз жүзінде жақсы шешім қабылдап қана қою жеткіліксіз. Ортақ мақсатымызды нақты іске айналдыру маңызды. Ардагерлер кеңесімен бірлесіп, әр аудан мен қалада түсіндіру кездесулерін ұйымдастыру, жастармен, кәсіпкерлермен, мұғалімдермен бөлек-бөлек әңгіме өткізу жоспары бар.
Мәслихат депутаттары өз округтерінде Жолдаудағы басымдықтарды түсіндірумен қатар, жергілікті мәселелерді жинақтап, шешімін табуға көмектеседі.
Инвестиция, цифрлық қызмет, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым, тәртіп – бәрі бақылауда болады. Ардагерлердің тәжірибесі мен депутаттардың өкілеттігін дұрыс ұштастырсақ, Жолдауды орындау бағытында Түркістан өңірі өз үлесін нақты іспен көрсете алады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жарбол КЕНТҰЛЫ

