Қазақстан Үкіметі 2026-2030 жылдарға арналған барлық түрдегі қалдықтарды басқару тұжырымдамасын әзірледі. Вице-министр Жомарт Әлиевтің айтуынша, құжаттың мақсаты жылдар бойы жиналған экологиялық, экономикалық және ұйымдастырушылық мәселелерді жүйелі түрде шешу. Қалдықтарды дұрыс басқару экологиялық қауіпсіздікке, халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Экономика өскен сайын, қала көбейген сайын, тұтыну мен құрылыс артқан сайын қалдық та көбейіп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір коммуналдық секторда жылына шамамен 4,5 миллион тонна тұрмыстық қалдық шығады, соның тек 25-26 пайызы ғана өңделеді.
Кей өңірде тұрмыстық қоқыстың 30-40 пайызы тамақ қалдығы болып отыр. Негізгі салмақ өндірістік кәсіпорындарға түседі, олар жыл сайын жүздеген миллион тонна тау жыныстары мен техногендік минералдық қалдық жинайды. Заңмен тыйым салынса да, құрылыс қалдықтарының полигондарға кетуі мен стихиялық төгілген үйінділер әлі бар.
Жаңа тұжырымдама бірнеше бағытты қамтиды. Ең алдымен барлық қалдыққа толық түгендеу жүргізіледі, мемлекеттік кадастр жаңартылады. Қалдық шығаратын барлық кәсіпорын мен ұйым біртұтас ақпараттық жүйеге тіркеліп, цифрлы есеп жүргізуге міндеттеледі.
Жасанды интеллект элементтері бар цифрландыру арқылы қай жерде қанша қалдық жиналғаны, қайда кеткені анық көрінеді. Бір реттік «легализация» арқылы кәсіпорындар жинақталған қалдық көлемін жауапкершіліксіз жариялап, кейін қайта өңдеуге енгізу жолы қарастырылып отыр.
Заңнама да реттелмек. Түрлі заңдар мен нормалардағы қайшылық пен қайталауды азайту жоспарланған. Өкілеттік пен жауапкершілік нақты жазылады, әсіресе қалдықты өңдемей, рекультивация жасамай, жерді бұзып кеткендерге бақылау күшейеді. Өндірістік, коммуналдық, құрылыс, ауыл шаруашылығы және медициналық қалдықтарды басқару тәртібі бір жүйеге келтіріледі.
Экономикалық ынталандыруға да басымдық берілген. Қазіргі утилизациялық төлем есебінен заманауи полигондар құрылысына қаржы бөлу, тарифтерді үш жыл сайын индексациялау, экономикалық негізделген тарифке көшу жоспарланып отыр. Салық жеңілдіктері мен субсидия тетіктері қаралады, РОП жүйесін жетілдіру күн тәртібінде тұр. Халық пен бизнес арасында экологиялық мәдениетті көтеру үшін ақпараттық науқандар мен оқыту бағдарламалары жүргізіледі.
Тұжырымдамада бірнеше нысаналы көрсеткіш бар. Радиоактивті қалдықтардан басқа барлық қалдық түрі бойынша толық түгендеу жасалуы тиіс. Өндірістік қалдықтарды қайталама айналымға тарту деңгейін кем дегенде 10 пайызға өсіру жоспарланған. Полигондарға кететін коммуналдық қалдық көлемін де шамамен 10 пайызға азайту мақсаты қойылған.
Қаржыландыру жағынан «Жасыл даму» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген механизм іске қосылған. Утилизациялық төлем есебінен 185 миллиард теңге бөлініп, 60 жоба мақұлданды, соның 22-сі 89,4 миллиард теңгеге қаржыландырылған. Олардың ішінде 92 қоқыс таситын арнайы машина алуға арналған 8 жоба, жылына 2,3 миллион тоннаға дейін қалдық сұрыптайтын 19 кешен және қуаты 920 мың тонна болатын 33 қайта өңдеу жобасы бар. Осы жобалар толық іске асса, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейі 40 пайызға жетуі тиіс.
Қайта өңдеуге келмейтін қалдық фракциясын жою үшін Астана, Алматы және Шымкентте қалдық жағатын үш зауыт салу жоспарланды. Жалпы құны 293 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық келісімдерге қол қойылған, құрылыс мерзімі екі жыл деп белгіленген. Бұдан бөлек, Астанада қытайлық Shenzhen Energy Environment компаниясымен бірге қалдықты жағу және электр энергиясын өндіру зауытын салу туралы бөлек келісім жасалды. Жобаның құны 180 миллион доллар, зауыт тәулігіне 1,5 мың тоннаға дейін қалдық өңдеп, 50 мегаватт электр өндіре алады.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында Қоршаған орта талаптары да жаңартылып жатыр. Ecojer қауымдастығының бас директоры Рустем Кабжановтың айтуынша, жаңа жүйе бойынша қалдықтардың жолы толық цифрлы түрде бақыланады. Компаниялар қалдықтың пайда болған сәтінен бастап, тасымалдау, сұрыптау, өңдеу кезеңдерін түгел есепке алуға міндетті болады. Екіншілік шикізатқа стандарт енгізу, өңдеу инфрақұрылымын, әсіресе өңірлерде сұрыптау нысандарын көбейту, қайта өңдеу нарығын бизнеске тартымды ету де қарастырылып отыр. Бұл үшін салалық заң қабылдау және тариф механизмдерін жаңарту жоспарланған.
Шығыс Қазақстан облысында да бұл бағыт маңызды саналады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, өңірде жылына 300 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналады, ал өндірістік кәсіпорындарда 2 миллиард тоннадан астам техногендік минералдық қалдық бар. Оларды заманауи есепке алу, қауіпсіз сақтау және қайталама айналымға енгізу қажет. Осы мақсатта неміс, қытай және швейцариялық инвесторлармен жұмыс жүріп жатыр. 2026 жылдан бастап коммуналдық қалдықтарды басқарудың цифрлы жүйесін енгізу жоспарланған, бұл өңірде қалдық қозғалысын айқын көрсетіп, бақылауды күшейтеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында қалдықтың жиналуы әлемде де, Қазақстанда да өткір мәселе екенін айтты. БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, әлемде жыл сайын 2 миллиард тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығады, соның көп бөлігі өңделмейді. 2050 жылға қарай бұл көлем 3,8 миллиард тоннаға жетуі мүмкін. Қазақстанда тұрмыстық қалдықты өңдеу деңгейі әзірге шамамен 25 пайыз ғана. Сол себепті цифрландыруды, толық есеп пен бақылауды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Компаниялар мен жергілікті билік цифрлы есеп жүргізуге көшіп, қалдықтың қозғалысын, жиналуын және утилизациясын бақылауда ұстауы тиіс.
Инфрақұрылымды жаңарту және инвестиция тарту да негізгі бағыттың бірі. Көптеген елдер қоқысты көміп қана қоймай, одан электр энергиясын, екіншілік шикізат алып отыр. Қазақстанның да осындай замкнутый цикл моделіне көшуге әлеуеті бар деп бағаланды. Астана, Алматы, Шымкентте энергетикалық утилизация зауыттары салынбақ, инвесторлармен келісімдер жасалды, 2026 жылы құрылыс басталуы керек.
Экологиялық төлемдер де мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. Премьер-министр экологиялық төлемдер кейде басқа бағытқа кетіп қалатынын айтып, енді оны қатаң бақылап, полигондар, сұрыптау және қайта өңдеу нысандарын салуға жұмсауды тапсырды. Тұжырымдаманың орындалуын үйлестіру бірінші вице-премьер Роман Склярға жүктелді. Бас-аяғы 185 миллиард теңгелік жеңілдетілген қаржыландыру аясында 60 жоба мақұлданып, 22 жоба іске аса бастады.
Жалпы алғанда, жаңа тұжырымдама «Таза Қазақстан» бастамасының талаптарына сай келеді. Негізгі мақсат – қалдықтарды көму көлемін азайту, қайта өңдеуді көбейту, екіншілік ресурстарды экономикаға тарту. Осы арқылы экологиялық жағдайды жақсартып, халықтың санитарлық және эпидемиологиялық қауіпсіздігін күшейту, сонымен бірге бизнес үшін жаңа бағыттар ашу көзделіп отыр.

