Тарбағатай ауданының орталығы – Ақжар ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған нысан ауыл тұрғындарын сапалы спорт инфрақұрылымымен қамтып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Бұл – соңғы уақытта Тарбағатай ауданында ел игілігіне берілген екінші ірі спорт нысаны. Жалпы аумағы 1284,20 шаршы метрді құрайтын кешен бір ауысымда 47 адамды қабылдай алады. Мұнда баскетбол, волейбол, шағын футбол, теннис, бадминтон, бокс, қазақ күресі және ауыр атлетикамен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған.
Спорт залдары қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Сонымен қатар, ғимаратта жуыну және киім ауыстыру бөлмелері, дәрігер кабинеті, жаттықтырушыларға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.
Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтты.
– Құрметті қонақтар, ардақты спорт ардагерлері, жастар! Ең бірінші байлық – денсаулық. Ал денсаулықтың басты кепілі – спорт. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді. Бұл – мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуының, сондай-ақ еңбекқор, бірлігі жарасқан халықтың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Осындай жетістіктердің негізінде мықты денсаулық тұруы керек. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында облыста ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 45 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады.
Бүгін ашылып отырған кешен – сол жұмыстың нақты нәтижесі. Осы қуанышты күнмен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы жастарға арнайы үндеу жасап, спорт пен білімді қатар алып жүрудің маңызын атап өтті.
– Мұнда болашақ чемпиондарымыз отыр. Сіздерге айтарым – ерінбей, талмай спортпен шұғылданыңыздар. Бірақ ең алдымен сабақты ұмытпаңыздар. «Дені саудың – жаны сау» дейді халқымыз. Сіздер ел мақтан тұтар азамат болып өсулеріңіз керек.
Бүгінде облыстың қыздар және ұлдар волейбол командалары жоғары лигада табысты өнер көрсетіп жүр. Шығыс Қазақстан – хоккейдің алтын бесігі. Футболдан да 13 жылдан кейін Премьер-лигаға жолдама алған «Алтай» командасы жақсы нәтижелер көрсетуде.
Ал Тарбағатай десе, ең алдымен волейболшылардың жеңісі еске түседі. Сондықтан бүгін ашылған бұл кешеннен тек волейбол ғана емес, өзге де спорт түрлерінен ауданның атын шығаратын дарынды спортшылар өсіп шығады деп сенемін. Балаларымыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атансын! – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Ауыл ақсақалы Құрмантай Нүсіпұлы ақ батасын беріп, одан кейін спорт кешенінің лентасы салтанатты түрде қиылды.
Сапар барысында облыс әкімі спорт нысаны ұжымына жаңа шағын автобустың кілтін табыс етті. Сондай-ақ, кешеннің тренажер, бокс және спорт залдарын аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Аудан жастарына баскетбол, волейбол және футбол доптары сыйға берілді.
Өңір басшысы ауылдық аумақтардағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!









