Абай облысында дін мәселелерін зерттеу орталығы соңғы уақытта жұмыс форматын жаңартып, Президент тапсырмасынан кейін нақты нәтижеге бағытталған қадамдарды күшейте бастады. Инновациялық әдістер, психологиялық тренингтер мен жастарға жақын форматтағы шаралар арқылы деструктивті ағымдардың ықпалына тосқауыл қою қолға алынған. Әсіресе интернет кеңістігіндегі жасырын үгіт-насихатқа қарсы мониторинг жұмысы жүргізіліп, күмәнді парақшалар бұғатталып жатыр. Орталық директоры Мақсат Өмірхановпен болған әңгімеде осы бағыттағы жаңа тәсілдер мен жастарды қорғаудың тиімді жолдары кеңінен сөз болды.
– Мақсат мырза, Дүниежүзілік діндер съезінде Президент жастарды деструктивті ағымдардан қорғау керектігін ерекше атап өтті. Осы тапсырмадан кейін Абай облысында қандай нақты жұмыстар басталды?
– Президент сөзі қоғамға үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын түсінеміз. Съезд өткеннен кейін біз облыс бойынша арнайы жоспар жасап, дін саласындағы білікті мамандармен кеңестік. Деструктивті ағымдардың тәсілі де өзгере бастаған. Бұрынғыдай мешіт айналасында үгіттеу емес, бәрі интернет арқылы жүріп жатыр.
Сондықтан біз жұмысты бірнеше бағытта қолға алдық. Ең біріншісі жастардың ортасына тікелей кіру. Облыстағы барлық жоғары оқу орындары мен колледждерде кездесулер өткізіп, жат ағымның қалай жұмыс істейтінін нақты мысал арқылы түсіндіреміз.
Кейде лекциядан гөрі көзге көрінетін әдіс тиімді. Сол себепті арнайы психологиялық тренинг, симуляциялық ойындар, пікірсайыс форматтарын енгіздік. Жастар әңгімені тыңдамайды деп айтуға болмайды, керісінше дәлелмен айтса тыңдайды.
Президент Жолдауында білім мен тәрбие қатар жүру керектігін баса айтты. Біз осыны негіз етіп жұмыс істейміз. Қазір облыста 7 ресурс орталығы жастармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Олар арқылы біз әр ауылдың, әр мектептің жағдайын біліп отырамыз. Тоқетерін айтсақ, дін мәселесі тек теологтың емес, педагогтың да, дәрігердің де, психологтың да жұмысына айналуы тиіс. Біз осы бағытта кешенді үлгі қалыптастыруға тырысып жатырмыз.
– Жат ағымдар интернет арқылы қалай жұмыс істейді? Ал сіздер оларға қалай қарсы тұрып жатырсыздар?
– Интернет қазіргі заманның ең үлкен мінбері. Бала үйінде тыныш отыр деп ойлаймыз, бірақ кейде дәл сол тыныштықтың ішінде идеологиялық шабуыл жүріп жатады.
Деструктивті ағымдардың басты тәсілі сенімге кіру. Олар бірден дінге шақырмайды. Алдымен достық орнатады, қызықты видео жібереді, мотивация туралы айтады, содан кейін жастарды өз орбитасына кіргізуге күш салады. Бұның бәрі нақты жоспар бойынша жасалады. Осыны дер кезінде байқай алмасақ, жасөспірім өзін тіпті шатастырып алады.
Біз облыста арнайы мониторинг жасап, күмәнді сайттар мен парақшаларды анықтап, құзырлы орындарға жолдап отырамыз. Кей жағдайда ата-анамен сөйлесеміз, кейде мектеп психологын шақырамыз. Бір ғана әдіс жоқ.
Осыдан біраз бұрын ұйымдастырған би батлымыздан кейін біз жастардың тілін басқа жақтан түсіне бастадық. Классикалық әдіс жеткіліксіз, заман талабына сай формат керек.
Бір үлкен проблема бұрын жат ағымдар 17-18 жастағы жастарды нысана қылса, қазір 13-14 жастағы жасөспірімдерге ауыз сала бастаған. Бұл өте үлкен қауіп. Тәрбие тал бесіктен басталады деген сөздің мағынасы қазір анық сезіп отырмыз. Біз ата-аналармен жұмыс жасау бағытын күшейттік. Себебі кейде балаға бір рет айтқан сөзден гөрі ата-анамен дұрыс әңгіме әлдеқайда тиімді.
– Қазіргі жастарды деструктивті идеологиядан қорғаудың ең дұрыс жолы қандай деп ойлайсыз?
– Бір ғана жол жоқ. Жастарды қорғау оқшаулау емес, керісінше дұрыс бағыт көрсету жүргізудің маңызы зор деп есептеймін. Дін біздің тамырымыз, салтымыздың тірегі. Бірақ фанатизмге айналып кетпеуі керек. Соны ажыратып беру өте маңызды.
Қазір жастар арасында «дін мен дәстүр» түсінігін кеңейтіп жатырмыз. Бұған байланысты арнайы контент әзірлеп, интернетке шығардық. Оның ішінде ұлттық тәрбие, қазақы салт, жауапкершілік, білім, еңбек деген тақырыптар қамтылған.
Әлемде қазір «қайта дінилену» процесі жүріп жатыр. Бұған ешкім қарсы тұра алмайды, бұл табиғи процесс. Бірақ соның ішінде радикалдық жолдар да бар. Бізге сол аралықты дұрыс бақылау қажет. Президент Жолдауында ұлттық құндылық пен қауіпсіздік қатар жүру керектігі айтылды. Меніңше, бұл бүгінгі қоғамның басты формуласы деп түсінемін.
Қазақ діни фанатизмге бейім халық емес. Біз дәстүр арқылы тәрбиелендік. Нағыз имандылық адамды өмірден бөліп алу емес, оны өмірге жақындату. Сол принципті жас буынға жеткізе алсақ, біз жеңілеміз деп ойламаймын.
– Алдағы уақытта өзіңіз басқарып отырған орталық қандай жаңа форматтар бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр?
– Біз жұмысымызды тек лекция немесе форум форматында шектемейміз. Спорттық жарыстар, мәдени шаралар, стрит-арт жобалар ұйымдастырып келеміз. Жастарға бос кеңістік қалдырмау керек. Пайдалы іспен айналысқан адам адаспайды.
Қазір облыста бірнеше жоба қолға алынды. Оның ішінде дін мен өнерді байланыстыратын бірқатар бағдарлама бар. Жастар өз талғамына сай іс тапқан кезде жат ағымға еруге уақыт таппайды.
Сонымен қатар блогерлермен де жұмыс басталды. Қоғамдағы ықпал күш-қуат тек бір институттың қолында емес. Енді тек мешіт емес, интернет негізгі алаңға айналды. Егер біз сол алаңда болмасақ, оны басқа біреулер басады. Сондықтан ақпараттық майданда белсенді болу біздің басты міндетіміз.
Сұхбаттасқан Нұрлан ӘУБӘКІР

