Алматы облысында Болат Назарбаевқа тиесілі болған әйгілі «Барыс» автобазарының бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қазіргі таңда 11 гектар жер учаскесі ресми түрде облыс әкімдігінің қарамағына өтті. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев журналистерге берген брифингінде мәлімдеді.
Жалпы аумығы 36,5 гектарды құрайтын «Барыс» базарының қалған 25,5 гектар жері бойынша қазір сот процесі жүріп жатыр. Учаскілер бірнеше рет бір қолдан екінші қолға өтіп, қайта рәсімделген. Облыс прокуратурасы осы мәмілелердің заңдылығына күмән келтіріп, сотқа жүгінген.
Әкімнің айтуынша, сот шешімі шыққаннан кейін жер толықтай мемлекетке қайтарылады.
«Қазір 11 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал қалған бөлігі бойынша прокуратура сотқа арыз түсірген. Сот шешімі шыққан соң, жер толықтай мемлекетке өтеді. Бізде аумаққа қатысты нақты жоспар бар. Жер телімі толық асфальтталған, барлық инженерлі-кәммуникациялық желілер тартылған, халық тығыз орналасқан. Сондықтан әлгі жерде тігін цехтары мен басқа да өндіріс орындарын қамтитын индустриалдық аймақ құруды жоспарлап отырмыз. Жаңа жұмыс орындары ашылады», – деді Сұлтанғазиев.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың басында Қарасай аудандық соты аталған автонарық орналасқан жер телімдерінің сатылу шартын заңсыз деп таныған еді.
Тергеу барысында анықталғандай, Бөкеңе, Болат Назарбаевқа жерді беру кезінде облыстық жер ресурстарын басқару органдарының келісімі алынбаған, жердің санаты ауылшаруашылық мақсатынан ауыстырылмаған.
Қарасай ауданы прокуратурасының мәліметінше, қазіргі кезде «Барыс» базарының аумағының шамамен 30%-ы (11 гектар) мемлекетке қайтарылса, қалған бөлігі әлі күнге «Auto market Karasay» ЖШС-не тиесілі.
Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, егер сот шешімімен аталған 25 гектардан астам жер толық қайтарылса, Алматы облысының экономикасына елеулі серпін береді. Әкімдік нарықтың орнына жаңа индустриалдық өндіріс алаңдарын орналастыруды көздеп отыр.
Соңғы жылдары баяғыда марқұм боп кеткен Болат Назарбаевқа қатысы бар басқа да жер телімдері мен нысандар мемлекетке қайтарылған болатын.
Мысалы, Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер учаскелері қайтарылды. Прокуратурамен бірлескен тексеріс нәтижесінде күмәнді жағдайда Назарбаевқа өткен 59 жер учаскесі анықталған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысының әкімдігі «Алтын Орда» базарына қатысты да пікір білдірген еді. Сұлтанғазиевтің сөзінше, базар бойынша бақылаушы органдардың барлық талабы орындалған, модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр. Сатушылар мен базар әкімшілігі ортақ тіл табысқан.
Сондай-ақ, Алматыда 2025 жылдың соңына дейін тағы 10 базар толық жаңғыртылмақ. Тізімге «Арлан», «Батыр», «Тұлпар», «Арыстан», «Жібек жолы», «Азия», «Тау Самалы», «Береке», «Сауда Кент» және «Сарыарқа» базары кірген.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Байсеркедегі бөтелке бумы: Алагөзов Алматы облысында алкогольсіз империя құрып жатыр

