Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қазақтың танымал жазушысы Асқар Алтаймен мырзамен сұқбатты жобалаған «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің арнаулы тілшісіне біраз уақыт күтуге тура келіпті. Өйткені, жазушы шетелге сапарлап кетіпті. Ол да өзінің «Каскад (Қанқарыз синдромы)» романның жобасымен белгілі меценат, ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Алиджанұлы Ибрагимовтың демеушілігімен өтіп жатқан «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының үшінші кезеңіне шыққан.
– Асқар мырза, «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсына түсіп жатқаныңыз белгілі. Сіз жол жүріп кеткенде роман жазылмай қалған жоқ па?
– Роман аяқталды. Бір қызығы «Каскад (Қанқарыз синдромы)» араб жерінде соңына жақындап, Еуропада бітті. Бұл джолы Катар айналып Болгариядан бір-ақ шықтым.
Жалпы, роман жазғанда уақытты үзбеуге тырысам. Соңғы тараулардың нүктесі Софиядағы қонақ үйде қойылды. Енді он-он бес күндей дем аламын. Суынамын. Алла қаласа, сосын стильдік тұрғыдан қайта бір қарап өтемін.
– Сіз Еуропа жаққа жиі барасыз, туған еліңізбен салыстырғанда қалай екен?
– Еуропаны көп саяхаттайтыным рас. 2005 жылдан барып жүрмін. Әйгілі Париждегі Лувр, Версаль, Флорециядағы атақты Уфица, Венеция мен Римді, Будапеш пен Венаны таңдана араладым. Олар ғасырлар мәдениетін сақтап, бүгінге паш ете көрсетуге күш салып отыр. Басты ерекшелік осында. Ал жалпы мәдениет туралы әңгіме ұзақ, бір сұқбатқа сыймас.
«Бухенвальд» қасірет лагерінде болдым. Жаңа романымда ол туралы да сыналай сығалаған штрих бар.
– Жазуын аяқтаған екенсіз. Енді Құпия болмаса, «Каскадтың» сюжетін айта кетсеңіз?
– Әлемде кейбір жазушы сюжетті тұспалдап айтып жүретіні бар. Көбінесе шығарма біткенше айтыла бермейді ғой.
Бәйге шартына сәйкес бір әулет немесе отбасы төңірегі суреттелу керек. Мұны әркім әртүрлі түсінеді деп білемін. Отбасы арқылы бүгінгі заман бейнесі көрініс табуы тиіс. Романымда бір отбасының қиямет-қайым кешкен тағдырлары суреттеледі. Дәл бүгінгі кезең шындығымен бетпе-бет келген кейіпкерлердің қоғамдағы ойнап жүрген қилы рөлі, сатқындық, аярлық мінездер мен достық, махаббат сезімдері ашылады. Қазақ қоғамының күрделі келбеті быт-шыт сынған айнада оқырман талқысына тартылады.
– Оқырман қауымы Сіздің романдарыңызбен таныс деп санаймын. «Кентаврыңыз» нағыз аңызға негізделіп жазылып еді. Бұл романыңызда да аңызды қолданасыз ба? Жалпы, аңыз неге керек?
– О баста аңыз қолдана қоярмын деп ойлаған жоқпын. Бірақ жазу үстінде ой-сезім суреті сарланып, дүние кілтін бұраған аңыз, тарихи әпсана өз-өзінен кірігіп кетті. Сүйекті шығарма жазғанда халықтық аңыз бен өзіме тән авторлық әпсана өрілетіні бар.
Бұл менің тәңірі берген табиғатымда, құдай жаратқан болмысымда болса керек деген ойға келемін. Өйткені алғашқы «Қызбейіт» әңгімем он бес жасымда мектепте жүргенде жазылса да, сонда аңыз сілемін интуицияммен-ақ айғақтаппын… Содан кейінгі студент кезімде жазылған «Қызыл бөлтірік» повесімде аңызды кеңінен қолданыппын. «Қара бура» хикаяты мен «Алтайдың алқызыл модағайы», «Туажат», «Былғары табыт» романдарымда сюжетке сіңіп кетіпті. Аңыз «Қараштың қарасы», «Кер азу» сияқты әңгімемде де кездеседі. Міне, жаңа жазылған «Каскадта» ұшырасады. Бұл, бәлкім, ойлау жүйеме байланысты шығар.
«Не үшін керек» дегнеге келсек… Айтпақ ойымды ақиқаттай шегелейтіні үшін аңызды қолданамын. Аңыз деген – ұлттың ұлы коды. Онда адамның күллі жан-рухы бар. Ал оны небір замана илемек болса да, ол ешқашан мызғымайды. Ұлттың жүрегіне күйдіріле басылған таңба сияқты. Жүрегің ауырған сәтте, миың шаншыған кезде оянатын ерекше құбылыс. Аңыз бүгінгі қоғамдағы, мемлекеттегі жағдайларды терең түсіну үшін де керек. Қағынан жеріген жанның санасына сәуле түсірер деген үміт, жастар санасын сілкуге де әсері болар деген ойдамын.
– Дулат Тұрантегі деген қаламгер сіздің романыңызды оқығанда кино лентасы көз алдыңнан өтіп жатқандай болады деп жазды. Бұған не дейсіз?
– Иә, бірақ ол кісіге дейін мұндай пікірді 1998 жылы тұңғыш рет жазушы Мұхтар Қазыбекұлы айтқан еді «Санат» баспасында. Тырнақалды кітабыма редактор болып, «Қара бура» повесің кино түсіруге сұранып тұр екен, ойланып көрмедің бе деген еді. Классик Қалихан Ысқақ та «…Модағай» романы туралы сондай сөз айтқан. Ал ақын Гүлнар Салықбай «Қыр мен қала хикаялары» кітабымды «Атамұра» баспасында жүріп оқығанда, осыған ұқсас ой білдірген. Осының бәрі оқиғаларды оқырман көз алдына елестете суреттеуімнен бе деймін. Өзім көркем шығармаларыма осы уақытқа дейін режиссер іздеп көрмеппін, олар да мені іздей қоймапты.
Жалпы, «романное мышление – романдық ойлау» деген бар ғылымда, онсыз автор роман жаза алмасы ақиқат. Роман идеясы автор санасында пісіп жетілмей, оқиға барысы жүрегінен өтпей, ештеңе шықпайды. Шығарма шала-жансар болып туады.
Жазушыға ақиқат жүрек көзі керек. Романымда кәрі Еуропамен ұштас, керазу Ресеймен астарлас жайлар бар. Қазақ тарихымен астарлас деректілік пен авторлық аңыз сәулеленеді. «Каскадта» жан-дүнием ойран-топан болып ойға да түсті, шыжғырыла шыңғырып шыңға да шықты. Өзім күллі оқиғаларды кейіпкерлеріммен бірге басымнан кештім!.. Оқырман қауым кино көргендей бас ала алмасы, өкініште қалмасы хақ.
– Асқар мырза, Сіз кезінде Халықаралық Сорос қорының және Жастар арасындағы прозашылар форумының бас жүлдесіне ие болып едіңіз. Беріде Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты лауреаты атандыңыз. Енді сол тізімге ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Алиджанұлы Ибрагимовтың демеушілігімен өтіп жатқан «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының жеңімпазы деген жолдар қосылсын деп тілеймін.
– Тілегіңе рахмет, қалқам!
– Сұқбатқа келісіп, ойларыңызды ортаға салғаныңыз үшін Сізге де рақмет!
Сұқбаттасқан Жанерке ҚАЗТАЙ, «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің арнаулы тілшісі.

