Әміриканың мұнай алпауыттары санкцияға түскен ресейлік «Лукойлдың» шетелдік активтеріне құда түспек, деп жазады Ertenmedia.
Reuters дерегіне сүйенсек, Венгрияның MOL компаниясы АҚШ билігіне хат жолдап, «Лукойлдың» шетелдегі бизнесін сатып алуға қызығушылық білдірген. Бұған дейін Трамптың санкциясы ресейлік компанияның халықаралық активтерін 13 желтоқсанға дейін сатуға мәжбүр еткен болатын.
Қазір «Лукойлмен» Exxon Mobil, Chevron және Таяу Шығыстың ірі инвесторлары келіссөз жүргізуде. Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі швейцариялық Gunvor компаниясының сатып алу ниетін қабылдамай тастаған.
«Лукойлдың» Ресейден тыс жерде бірқатар маңызды активі бар. Атап айтқанда, Еуропада мұнай өңдейтін зауыттары, Қазақстан, Өзбекстан, Ирак және Мексикадағы үлесі және жүздеген жанармай бекеті бар.
MOL әсіресе Еуропадағы мұнай өңдеу зауыттары, жанармай құю станциялары және Қазақстан мен Әзербайжандағы кен орындарындағы үлесі сатып алуға мүдделі. Reuters жазуынша, Венгрия премьері Виктор Орбан қараша айында Дональд Трамппен кездесіп, осы идеяны талқылаған.
Еске салсақ, қазан айында АҚШ «Роснефть», «Лукойл» және олардың 34 еншілес компаниясына санкция енгізген еді.
Әмірикалық Exxon Mobil Қазақстандағы Теңіз және Қарашығанақ жобасындағы үлестен дәмелі екенін білдірген. Carlyle Group инвестициялық компаниясы болса «Лукойлдың» бірнеше активін сатып алып, кейін қайта сатуды жоспарлап отыр. Арабтардың ұлттық мұнай компаниясы Adnoc Өзбекстандағы газ жобаларына қызығушылық танытқан.
Сарапшылардың пікірінше, Теңіз бен Қарашығанақтағы үлесті «ҚазМұнайГазға» беру қисынды қадам болмақ. Қажет болса, қытайларды тарту да тиімді. Аталған жобалар 2030 жылға дейін 5 миллиард доллар таза табыс әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар активтерге атышулы Pөrnhub сайтының компаниясының экс-иесі, австриялық кәсіпкер Бернд Бергмайыр да қызығушылық танытқан. Бергмайрдың адвокаты Lukoil International GmbH компаниясын «өте тартымды инвестиция» деп бағалағанымен, нақты қай активке көзі түсіп отырғанын ашып айтпаған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қарашығанақтағы құнды үлес: Лукойл Қазақстаннан кетуге қамдануда

