Шымкентте ірі жылыжай кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен поляк инвесторлары – Fabe-Agro компаниясының басшылығы Мартөбе тұрғын алабында капсула қою рәсіміне қатысты. Жоба құны 137 миллион АҚШ долларын құрайды. Әкімдік дерегінше, қазіргі кезде құрылыс алаңын дайындау және қажетті инфрақұрылымды тарту жұмыстары жүріп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаның жалпы аумағы 144 гектарды қамтиды. Кешен толық іске қосылғанда жылына 36 мың тоннаға дейін көкөніс өндіру жоспарланған. Негізгі өнім қызанақ пен қияр. Сонымен қатар шамамен мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады деп күтілуде. Бұл тек ауыл шаруашылығы емес, жергілікті халық үшін де маңызды әлеуметтік эффект беретін жоба. Салтанатты рәсімде Ғабит Сыздықбеков жаңа жобаға қысқа баға берді.
– Шымкентте тағы бір экономикалық тұрғыдан маңызды жобаның іске асырылуы басталып отыр. Бұған дейін сіздер түрік инвесторлары салған жылыжай кешенінің алғашқы өнім бергенін білесіздер. Екі ірі жоба да қаланың ауыл шаруашылығын дамытуға айтарлықтай үлес қосып, салаға жаңа серпін береді, – деді қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, мұндай кешендер Шымкент пен жалпы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта маусымға байланбай, жыл бойы жергілікті өнім өндіру, базар мен дүкен сөрелерін тұрақты түрде көкөніспен толтыру көзделген.
Бұл баға тұрақтылығына да әсер етеді. Импортқа тәуелділік азайған сайын ішкі нарықтағы жағдай да біршама болжамды бола түседі.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев та жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтты. Оның сөзінше, Fabe-Agro 2025-2028 жылдар аралығында жылыжай кешенін толық қуатына шығаруды жоспарлап отыр.
Талғат Мекамбаев түсіндіргендей, алғашқы кезеңдерде инфрақұрылым, құрылыс, инженерлік желілерге көңіл бөлінсе, кейін өндіріс көлемін біртіндеп арттыру қарастырылған. Алынған өнім алдымен жергілікті нарыққа, одан кейін басқа өңірлерге жеткізіледі.
Ресми деректерде Қазақстандағы ірі жылыжай кешендерінің жартысынан көбі дәл Шымкентте орналасқаны айтылды. Соңғы жылдары агросекторды дамытуда жылыжай шаруашылығы қаланың негізгі басым бағыттарының біріне айналып отыр. Климаттық жағдай, нарыққа жақындық және логистикалық мүмкіндіктер инвестор үшін де қолайлы.

Жаңа инвестициялық жобаның тағы бір нәтижесі заманауи технология енгізілуі. Жоба толық іске асқанда су үнемдеу, микроклиматты автоматты бақылау, энергия тиімділігі жоғары жабдықтар сияқты шешімдер қолданылмақ. Бұл өнімнің сапасын тұрақты ұстауға, шығынды азайтуға және жыл бойы жоспарлы өндіріс жүргізуге мүмкіндік береді.
Әкімдік мәлімдемесінде осы жылыжай кешені Шымкенттің агроөнеркәсіптік кешеніндегі өндіріс көлемін ұлғайтуға, бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосатыны атап өтілді. Сонымен бірге мыңға жуық жұмыс орны ашылуы – ауылдық аймақ тұрғындары үшін нақты мүмкіндік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

