Алматыда «НаркоСтоп» жобасы аясында көптеген жұмыстар атықарылуда. Қалада нашақорлықпен күреске бағытталған кешенді жоспар бар, сол жоспар аясында төрт мамандандырылған орталық жұмыс істеуде. Ең көзге түсетіні еріктілердің саны. Игі іске 3 мыңнан астам ерікті тартылған. Мұнда мәселе тек бір реттік акцияда тұрған жоқ, күнделікті көшеде де, интернетте де жүргізілетін алдын алу жұмыстарын қамтиды, деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылдың басынан бері 180-нен астам іс шара өткен. Қала көшелерінде тыйым салынған заттарды жарнамалайтын трафарет пен граффити көп кездеседі, әсіресе аялдама маңы, жаяу жүргінші жолдары, ықшам аудандардың қабырғалары жиі таңбаланады. Сол жазулардың 18 мыңнан астамы боялып, өшірілген.
Ақпараттық жұмыс та қатар жүріп жатыр. Алдын алу бағытындағы 35-тен астам бейнеролик әзірленген. Олар әлеуметтік желілерде, LED экрандарда және қоғамдық көлікте көрсетіліп келеді. Мақсат біреу, жасөспірім мен студенттің көзіне нақты ескерту, түсінікті ақпарат түсуі керек. Әсіресе «оңай ақша» деп алдап, курьерлікке, тасымалға тартатын схемалар көбейген шақта мұндай роликтердің мәні артады.
2024 жылдан бастап кибереріктілік бағыты іске қосылғаны бөлек маңызды. Қазір үгіттеу мен сату көшеден ғана табылмайды, көп нәрсе телефонның ішінде жүреді.
Еріктілер тыйым салынған заттарды насихаттайтын сайттар мен парақшаларды анықтауға көмектесіп жатыр. Нәтижесінде 197 ресурс бұғатталған. Зертханалар, сатушылар және үгіттеушілер туралы жиналған мәліметтер құқық қорғау органдарына жолданған. Яғни еріктілер «көрдім, білдім» деңгейінде тоқтамайды, нақты дерек тиісті орынға беріледі, ары қарай процесс заң аясында жалғасады.
Алматының жастар құрамы да үлкен. Қалада 14-35 жас аралығында 712,3 мың жас тұрады, бұл жалпы халықтың 32 пайызы. Үлкен қала үшін дәл осы топтың қауіпсіздігі мен бағыты маңызды көрсеткішке айналады. Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында және 88 колледжде 296,5 мың студент білім алады. Олардың 167 мыңы өзге өңірлерден келген жастар. Басқа жақтан келген студенттің қалаға үйренісуі, жатақхана, жұмыс, орта табуы сияқты мәселелер қатар жүреді. Осындай кезде алдын алу жұмысы нақты жерге баруы керек: оқу орны, қоғамдық көлік, жастар көп жиналатын орындар, онлайн орта.
Жастар саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесі статистикадан да байқалады. NEET санатындағы жастар үлесі 6,4 пайыздан 5,8 пайызға төмендеген. 2025 жылдың екінші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызға дейін азайған. Ресми дерекке сүйенсек, мұндай өзгерістер Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы мен 2030 жылға арналған орта мерзімді жоспарларды іске асырудың арқасында келген.
«НаркоСтоп» жобасының жалпы мәні түсінікті, бір жағынан көше жазуын өшіру, екінші жағынан интернеттегі үгіт арналарын анықтау, үшінші жағынан жастарға тұрақты түсіндіру жүргізу. Қаланың өзіне тән қарқыны бар, қауіп те соған сай түрленеді. Сол себепті жұмыс та жүйелі болуы керек. Еріктілердің қатысуы, орталықтардың жұмысы, кибербағыттың іске қосылуы және нақты цифрлар Алматыда алдын алу шаралары қағаз жүзінде қалмай, күнделікті өмірде жүріп жатқанын көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

