Қазақтардың басым бөлігі орта тапқа тән қарапайым игілікке қол жеткізе алмай отыр. Көпшілік үшін саяхаттау, театрға бару немесе сапалы тамақтану күнделікті өмірдің бөлшегі емес, қол жетпейтін арман.
Экономист Қуат Әкіжанов әлеуметтік теңсіздікті жоюдың және ел экономикасын қайта индустрияландырудың тиімді жолы әрбір қазаққа 200–300 мың теңге көлемінде кепілденген базалық табыс (КБТ) тағайындау деп есептейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Digitalbusiness-пен сауалдасқан сарапшының айтуынша, қазір халыққа берілетін мемлекеттік қолдаудың көбі жартыкеш, нәтижесіз жобаларға айналған.
Бұған мысал ретінде «Келешек» бағдарламасын алға тартты. Бағдарлама бойынша баланың есепшотына жиналатын ақша, есейгенде сапалы білім алуға жетпейді. Осылайша жақсы идеяның түбі шикі болып шығады.
«Базалық табыстың шынайы пайда әкелуі үшін төлем дәл қазір басталуы керек және оның мөлшері ай сайын 200–300 мың теңге аралығында болғаны жөн. Тек осындай жағдайда ғана КБТ символикалық қайыр-садақа емес, қоғамның экономикалық тірегіне айналады», – дейді Әкіжанов.
Оның пікірінше, базалық табыс халықты екі ауыр әлеуметтік жағдайдан шығарады. Біріншісі жұмыссыздық қорқынышы, екіншісі күштеп еңбек ету қажеттілігі. Кепілді төлем азаматтарға тұрақты табыс көзі болып, жұмыс берушілерді қызметкерлердің еңбегін лайықты бағалауға итермелейді.
Бірақ бір кілтипан бар…
Алайда, бұл жүйені жүзеге асыру үшін мемлекет жылына шамамен 31 триллион теңге жұмсауы қажет. Мұндай соманы қайдан табуға болады деген сауалға Әкіжанов Ұлттық қорды тиімді пайдалануды ұсынды.
«Қазір Ұлттық қор шетелдік бағалы қағаздарға салынып, өзіміздің экономикаға қызмет етпей жатыр. Ол халыққа емес, шағын ғана олигархиялық топтың мүддесіне жұмсалуда. Базалық табыс болса, Ұлттық қордың ақшасын халыққа тікелей жеткізудің әдісі әрі экономиканы түбегейлі өзгертетін факторға айналады», – деп түсіндірді экономист.
Сондай-ақ, Әкіжанов прогрессивті салық жүйесін енгізу, сән-салтанатқа арнайы салық салу, жерді мемлекет меншігіне қайтарып, жалға беру арқылы Ұлттық қорға қаржы түсіру секілді кешенді реформаларды ұсынды.
Ол базалық табысты енгізу инфляцияны өршітеді деген пікірмен келіспейді. Сарапшының айтуынша, бұл халықты ұзақ уақыт бойы алдап келген неолибералды миф. «Керісінше, базалық табыс ел ішіндегі сұранысты арттырып, отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Әлемде кепілдендірілген базалық табысты енгізу тәжірибесі бар. Мәселен, Моңғолия мен Иран, сондай-ақ Финляндияда жүргізілген пилоттық жобалар оның өміршеңдігін дәлелдеді. Әкіжанов Қазақстанда да осындай пилоттық жобаны іске асыру қажет деп есептейді. Сарапшының пайымынша, базалық табыс тек экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де түрткі болатын әлеуетке ие.
Бұған дейін қарапайым халықтың тұрмысын көтеріп, қоғамның шынайы мәселесін айтуға тырысқан Гаухар Танашева Мәжілістен қуылған болатын.

