Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үкімет басшысы Президентке экономикалық реформаларды жүзеге асыру және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында берген тапсырмаларын орындалу барысын баяндады.
Үкімет басшысы Президентке еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындыларын ұсынды. Оның айтуынша, экономиканы әртараптандыру бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде ішкі жалпы өнімнің өсімін негізінен өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз еткен.
Биылғы жылдың он бір айында көлік қызметі 20,3 пайызға, құрылыс саласы 14,7 пайызға, сауда 8,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 6,1 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға артқан.
Ел экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 18,5 триллион теңгеге жетті, оның ішінде жеке сектор инвестициялары 9,8 пайыздық өсім көрсетті.
Сонымен қатар Олжас Бектенов Президентке Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасының негізгі бағыттары туралы баяндады.
Бағдарлама халықтың нақты табысын арттыруға және тұрмыс деңгейін көтеру арқылы жалпы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған қоса, инфляция деңгейін төмендетуге арналған шаралар да қарастырылған.
Премьер-министр шекарадағы бес өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары желтоқсан айында аяқталғанын мәлімдеді. Бұған қоса отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі іске қосылып, шағын бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы қабылданған.
Бектенов жылыту маусымының барысы туралы есеп беріп, келесі жылғы егістік жұмыстарына қаржылық дайындық шаралары ерте басталғанын атап өтті. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ егістік алқаптарының көлемін сақтап, біртіндеп кеңейту көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы Премьер-министрге ел экономикасының тұрақты әрі сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін азаматтардың мүддесіне сай жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Атап айтқанда, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша нақты міндеттер белгіледі.
Бектенов Үкіметінің биылғы ерекше жетістіктерінің бірі елімізде рекордтық деңгейде астық жинағанын атап айтуға болады.

