Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман алимент дауына қатысты жаңа мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Бишімбаев ортақ балаларына төленетін алимент сомасын азайту мақсатында сотқа шағым түсірген.
Желідегі үндеуінде Назым Қахарман Жоғарғы сот әкелік құқығынан айыру туралы шағымын қараудан бас тартқан соң, Бишімбаев көп ұзамай алиментті қысқарту туралы арыз бергенін айтты. Экс-министрдің басты дәлелі «қаржылай мүмкіндігім бұрынғыдай емес» деген уәж болған.
«Қуандықтың сөздері шындыққа жанаспайды. Менің адвокаттарым оның алдағы 15 жыл бойы алимент төлеуге толық мүмкіндігі барын ресми түрде дәлелдеп шықты», – дейді ол.
Назымның сөзіне қарағанда, Бишімбаев төлемнен жалтару үшін мүлкін жасырын жолмен ересек ұлының атына аударып жіберген. Бұл жерде қымбат жылжымайтын мүлік туралы сөз болып отыр.
«Әрине, баласына қамқорлық көрсету жақсы қасиет. Бірақ үлкен ұлының атына бар мүлкін аударып, кәмелетке толмаған басқа балаларына алимент төлемеу үшін осындай әрекетке баруы моральдық тұрғыдан өте жағымсыз. Мұны қалай атауға болатынын білмеймін, бірақ біздің басымыздан дәл осындай жағдай өтті», – дейді Қахарман.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сот кімнің сөзін сөйледі?
Сотта бұрынғы министрдің өтініші қанағаттандырылған жоқ. Сот шешіміне сәйкес, ол бұған дейінгі келісім бойынша алиментті толық көлемде төлеуге міндетті. Назым Қахарманның айтуынша, келісім екі жаққа да ортақ әрі оны бұзу мүмкін емес.
«Егер Қуандық осындай оғаш қылықтарға бармаса, оның табыс табу қабілеті өте жоғары еді. Ол қазірдің өзінде мультимиллионер, тіпті миллиардер болуға толық мүмкіндігі бар адам. Егер солай болса, осы алименттік келісім керісінше өзін қорғайтын құжатқа айналар еді. Сол жағдайда мен де ештеңе талап ете алмас едім», – деді экс-министрдің бұрынғы жұбайы.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев пен Назым Қахарман 14 жыл некеде болып, 2020 жылы ресми түрде ажырасқан. Олардың ортақ үш баласы бар.
2024 жылдың мамырында Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіру және азаптау бойынша кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылған. Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айырғысы келетінін бұған дейін хабарлаған едік.

