Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Бердібек Сапарбаевтың ұлы Жансұлтан Сапарбаев әлеуметтік желіде әкесі жайлы әсерлі жазба қалдырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жансұлтан әкесінің тәрбие әдісі туралы жазғанда, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлінің маңызын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, әкесі баласының шешімдеріне өте сирек араласып, әрдайым оның таңдауларына құрметпен қараған.
– Әкем менің шешімдерімді сирек сынайтын, маған артық сұрақ қойып, асығыстық танытпайтын. Менің әр қадамыма үнсіз назар аударатын. Сөзімде тұратын-тұрмайтынымды бақылап, айналамдағы адамдарды қалай таңдайтыныма қарайтын. Әкем үшін менің айтқан сөзім емес, сол сөзге сәйкес өмір сүргенім маңызды болатын, – деп жазады ол.
Жансұлтанның бұл сөздері көптеген оқырманға терең ой салды. Ол әкесінің осы бір ерекше тәрбие тәсілін өзі де әке болғаннан кейін ғана толық түсінгенін айтады. Шындығында, кейде баланың жеке шешім қабылдауына мүмкіндік беріп, оның еркіндігін шектемеу ең дана тәрбие.
«Әке деген үнемі қолыңнан ұстап жетектеп жүретін адам емес. Кейде ол жай ғана сенің жаныңда үнсіз тұрып, өзің жүре аласың ба деп бақылап тұрады», – деген Жансұлтанның сөздері көпшіліктің жүрегіне жетті. Әкенің осы бір қарапайым әрі терең ұстанымы көп адамға өмірлік сабақ боларлықтай.
Бердібек Сапарбаевтың елге жасаған еңбегі халықтың есінде ерекше сақталды. Ол мемлекетке адал қызмет етіп, өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарды. Әсіресе, оның адами қасиеттері мен парасаттылығы көпшіліктің жүрегінен орын алды. Баласына берген тәрбиесі де осы қасиеттерден алыс емес.
Әкенің ең үлкен тәрбиесі баласына таңдау еркіндігін беріп, жауапкершілік жүктеу болса, мемлекетті басқару да дәл осы қағидаттармен ұштасуы тиіс.

