Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, ұлттық компаниялардағы қаржылық тәртіпті қатаңдату және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Осы ретте Ertenmedia.kz тілшісі Халықты құқықтық ағарту орталығының жетекшісі Тимур Алиновпен жемқорлықтың алдын алу, ұлттық компаниялардағы құқықтық олқылықтарды жою, мемлекеттік қаржының жұмсалуын бақылау және заңсыз иемденілген активтерді қайтарудың нәтижесі туралы әңгімелескен еді. Енді соған назар аударсаңыздар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
– Тимур Қайратұлы, Президент лауазымы мен ықпалды байланысына қарамастан әр азамат заң алдында бірдей жауап беруге тиіс екенін қадап айтты. Жемқорлықпен күресте жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидасы неліктен шешуші рөл атқарады?
– Сыбайлас жемқорлықпен күресте ең алдымен жазаның қаталдығына емес, жауапкершіліктің бұлтартпастығына назар аудару қажет. Қызметтік жағдайын пайдаланған адам өзінің лауазымы немесе таныстары заңнан қорғай алмайтынын түсінуі тиіс. Заң қарапайым қызметкерге қандай талап қойса, ұлттық компанияның басшысына да сондай талап қояды. Мұнда басқарушылық шешім қабылдайтын тұлғалардың жауапкершілігі ерекше маңызды.
Өйткені мемлекеттік қаржының бөлінуі, келісімшарттың жасалуы немесе ірі жобаның мақұлдануы нақты адамдардың шешімі арқылы жүзеге асады. Оны цифрлық платформа немесе компьютерлік бағдарлама өздігінен қабылдамайды. Сондықтан әрбір маңызды шешімнің құқықтық негізі болуы керек.
Басшы күмәнді жағдайға тап болса, заңгерлердің қорытындысын алып, тәуекелді алдын ала бағалауға міндетті. Сонымен қатар жауапкершілікті күшейту адал басшылардың бастамасына кедергі келтірмеуі қажет. Заңды шешім қабылдаған адам қызметтік міндетін орындаудан қорықпауы тиіс.
Ал қызметтік өкілеттігін жеке мүддесіне пайдаланған тұлға заң алдында жауап беруі керек. Жемқорлықпен күрестің негізгі қағидасы осы екі жағдайдың ара-жігін нақты ажыратудан басталады. Сонда басқару жүйесінде заңсыз әрекетке төзбеушілік пен адал қызметке сенім қатар қалыптасады.
Құқықтық сауат және жемқорлықтың алдын алу
– Сыбайлас жемқорлық көбіне құқықтық сауаттың төмендігімен және қызметтік өкілеттіктің дұрыс түсіндірілмеуімен байланыстырылады. Құқықтық ағарту арқылы жемқорлықтың алдын алудың қандай нақты мүмкіндігі бар?
– Жемқорлықтың алдын алу үшін азаматтарға заңды түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізу қажет. Адам өз құқығы мен міндетін білмесе, заңсыз талапқа қарсы тұруы қиын. Кей жағдайда қызметкер басшының тапсырмасын оның заңдылығын тексермей орындайды. Ал кәсіпорын жетекшісі құқықтық салдарын толық бағаламай шешім қабылдауы мүмкін.
Сондықтан құқықтық білім мемлекеттік қызметшілерге де, ұлттық компания қызметкерлеріне де, кәсіпкерлерге де қажет. Біздің орталық балалармен, студенттермен, еңбек ұжымдарымен және егде жастағы азаматтармен жұмыс жүргізеді. Осы тәжірибе құқықтық мәдениетті мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру маңызды екенін көрсетеді.
Адам пара берудің де, пара алудың да құқықтық салдарын түсінуі керек. Қызметкер басшының заңсыз тапсырмасын орындаудан бас тартудың заңды тәртібін білгені жөн. Басқарушы өз өкілеттігінің шегін және мүдделер қақтығысына жол бермеу талабын түсінуі тиіс. Мұндай білім бір реттік дәріспен шектелмеуі қажет.
Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, тұрақты құқықтық ағарту бағдарламаларын жүзеге асырғаны дұрыс. Жемқорлыққа қарсы мәдениет қоғамның барлық деңгейінде қалыптасқанда ғана оның алдын алу жұмысы нәтижелі болады.
Ұлттық компаниялардағы тәуекелдерді жою жолдары
– Президент Үкімет пен бақылаушы органдарға жемқорлық құқықбұзушылықтарын азайтудың нақты жолдарын ұсынуды тапсырды. Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердегі жемқорлық тәуекелін жою үшін жұмысты неден бастау қажет?
– Менің ойымша, бірінші кезекте ұлттық компаниялардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге толық тексеру жүргізу керек. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа мүмкіндік беретін жағдай кейде заңнаманың өзіндегі олқылықтардан туындайды. Бір құжат екінші құжатқа қайшы келсе немесе шешім қабылдау тәртібі анық көрсетілмесе, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану қаупі артады. Сондықтан заңдар мен заңға тәуелді актілердің Конституцияға және қолданыстағы заңнамаға сәйкестігі саралануы тиіс.
Екінші кезеңде ұлттық компаниялардың ішкі құжаттарына назар аудару қажет. Олардың жарғылары, бұйрықтары, ережелері және қызметтік нұсқаулықтары құқықтық тексеруден өтуі керек. Әсіресе қаржы бөлу, келісімшарт жасау және жобаны мақұлдау кезіндегі жауапкершілік нақты белгіленгені маңызды.
Үшінші бағыт ретінде басқару үдерістерінің ашықтығын күшейтуді атар едім. Қоғам ұлттық компанияның қандай жобаны жүзеге асырып жатқанын және оның нәтижесі қандай болғанын білуі тиіс. Ақпараттың жабықтығы мен түсініксіз шешімдер қоғамда күдік туғызады. Сондықтан заңмен қорғалатын мәліметтерден басқа ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Ұсынылатын іс-қимыл жоспарында әр шараның мерзімі, жауапты орындаушысы және нәтижені бағалау көрсеткіші болғаны дұрыс. Жемқорлықты азайту үшін оның салдарымен ғана емес, заңсыз шешім қабылдауға мүмкіндік беретін себептермен де күресуіміз керек.
Цифрлық бақылау мен жасанды интеллект
– Ұлттық компаниялардың ірі жобаларына қыруар мемлекеттік қаржы жұмсалады, бірақ оның тиімділігін қарапайым азамат толық бақылай алмайды. Цифрландыру мен жасанды интеллект сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бақылауды күшейте ала ма?
– Цифрлық технологиялар мемлекеттік қаржының қозғалысын бақылауға жаңа мүмкіндік береді. Қазір көптеген ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр, бірақ олардың ашықтығы мен өзара байланысы маңызды.
Меніңше, ұлттық компаниялар жүзеге асыратын ірі жобалардың негізгі кезеңдерін көрсететін қолжетімді цифрлық жүйе қажет. Азамат сол жүйеге кіріп, жобаның мақсатын, қаржыландыру көлемін және орындалу мерзімін көре алуы тиіс. Сонымен бірге жоспарланған жұмыс пен нақты орындалған нәтиженің арасындағы айырмашылық ашық көрсетілгені дұрыс. Мұндай тәсіл қаржының жұмсалуына қатысты күмәнді азайтады.
Жасанды интеллект алгоритмдері деректерді талдап, мерзімнің негізсіз созылуы немесе шығынның жоспардан ауытқуы сияқты белгілерді анықтауға көмектесе алады. Бірақ технология адамның жауапкершілігін алмастырмайды. Кез келген шешімнің артында нақты лауазымды тұлға тұрады. Егер заңсыздық белгісі анықталса, оны құзыретті органдар белгіленген тәртіппен тексеруі қажет.
Әрине, мемлекеттік және коммерциялық құпияға жататын ақпарат заң талаптарына сәйкес қорғалуы тиіс. Дегенмен құпиялылықты желеу етіп, қоғам үшін маңызды мәліметтерді негізсіз жасыруға болмайды. Ашық цифрлық бақылау жемқорлыққа мүмкіндік беретін жағдайларды қысқартудың маңызды тетігіне айнала алады.
Қайтарылған активтердің бақылауы
– Мемлекетке заңсыз иемденілген 1, 3 триллион теңгеден астам актив қайтарылып, оның бір бөлігі әлеуметтік нысандар салуға бағытталды. Осы қаржының қайтадан жемқорлық схемаларына түсіп кетпеуін және құрылыс сапасының сақталуын қалай қамтамасыз етуге болады?
– Заңсыз иемденілген активтерді қайтару сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызды нәтижесі. Бірақ мемлекетке қайтарылған қаражаттың кейін қалай жұмсалатыны да қатаң бақылауда болуы тиіс. Әйтпесе заңсыз алынған ақшаны қайтарып, оны қайтадан тиімсіз немесе заңсыз жұмсау қаупі туындайды. Сондықтан мұндай қаражаттың қозғалысы мен мақсатты пайдаланылуын бақылаудың құқықтық тәртібі нақты белгіленуі қажет.
Мысалы, қаржы мектеп немесе аурухана құрылысына бөлінсе, оны мердігерге аударумен ғана шектелмеу керек. Құрылыс басталған күннен нысан пайдалануға берілгенге дейін қаржылық және техникалық бақылау қатар жүруі тиіс. Жобаның құны, орындалған жұмыс көлемі, пайдаланылған материалдардың сапасы және келісімшарт талаптары тұрақты тексерілуі қажет.
Қайтарылған активтердің тиімділігін тек триллион теңгемен емес, сол қаражатқа салынған мектептің, аурухананың және өзге де нысанның сапасымен бағалаған дұрыс. Жемқорлықпен күрестің түпкі нәтижесі халық қаржысының талан-таражға түспей, қоғам игілігіне жұмсалуы, – деді Тимур Алинов.
Әсіресе нысан тапсырылғаннан кейінгі кепілдік мерзімін бақылау маңызды. Өйткені құрылыс кемшіліктері бірнеше ай немесе жыл өткен соң анықталуы мүмкін. Мұндай жағдайда мердігердің кемшілікті уақытында жоюына қатысты міндеттемелері орындалуы керек. Бұл жұмыста Жоғары аудиторлық палата, ішкі аудит қызметтері және прокуратура органдары өз құзыреті шегінде бақылау жүргізеді. Аталған құрылымдардың өзара байланысын күшейтіп, әр кезеңге жауапты тұлғаларды нақты айқындау қажет.
– Сұхбатыңызға рахмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






