Қазақстан халықаралық корпорациялар үшін стратегиялық өндірістік орталыққа айналуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұзақ уақыт бойы әлемдік аренада Қазақстан негізінен өндіруші секторға, ауқымды инфрақұрылымдық жобалар мен транзитке баса назар аударған ел ретінде танылып келген еді.
Бірақ 2020 жылдардан бастап мұндай көзқарас біршама өзгере бастады. Көптеген халықаралық компаниялар елді жай ғана өткізу нарығы ретінде қарауды тоқтатып, өндірістерін осында орналастыруға көшті, жергілікті жеткізушілермен ынтымақтастық орнатып, өнім көлемін ұлғайтуда. Нәтижесінде Қазақстан біртіндеп экспорттық әлеуеті зор аймақтық өнеркәсіптік хабқа айналып келеді.
Өткізу нарығынан өнеркәсіптік базаға айналу
2025 жылға қарай Қазақстан экономикасы құрылымдық трансформацияның оң нәтижелерін көрсете бастады. Геосаяси және логистикалық тәуекелдер аясында трансұлттық компаниялар өндірістерін әртараптандыруға ерекше мән бере бастады. Бүгінде Қазақстан өнімді тек ішкі нарыққа ғана емес, Орталық Азия, ЕАЭО және жақын аймақтарға жеткізуге қабілетті өндірістік алаң ретінде қалыптасуда.
Осы өзгерістер мемлекеттің экономикалық саясатының нәтижесі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өсім шамамен 6%-ды құрайды деп күтілуде. Ал 2026 жылға арналған мақсатты көрсеткіш 6,2% деңгейінде. Өңдеу өнеркәсібі шикізат экспортына тәуелділікті төмендетіп, экономикалық өсудің басты тірегіне айналмақ.
Металлургия Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің драйвері ретінде маңызды орнын сақтап отыр. 2026 жылы бұл саладағы өндіріс көлемінің өсімі шамамен 3% болады деп болжануда. Мұндай өсімге Kyzyl Aray Copper, Ekibastuz FerroAlloys, Kazferro Limited, Shagala Mining секілді кәсіпорындардың өндірістік қуатқа шығуы ықпал етеді.
Машина жасау саласында да жоғары өсім байқалмақ. 2026 жылы өнім көлемі 13,4%-ға артпақ. Ең алдымен жеңіл автомобильдер өндірісінің 17%-ға және ауыл шаруашылығы техникасының 5%-ға артуымен байланысты. Химия өнеркәсібі де қарқынды дамуда. 2026 жылы жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы есебінен химия өнімдерінің көлемі 7%-ға өседі деп жоспарлануда.
Экономикалық өсімнің тағы бір маңызды саласы сауда. 2026 жылы сауда айналымы 92,4 трлн теңгеге жетіп, 6,5%-ға артады деп күтілуде. Өсім азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды қайта өңдеуге бағытталған ірі бағдарламалардың іске қосылуы есебінен қамтамасыз етілмек.
Локализацияның жаңа мүмкіндіктері
Бүгінгі күні жүзеге асып жатқан экономикалық трансформациялар соңғы жылдардағы реформалардың жемісі. Инвестициялық ахуалды жақсарту, арнайы экономикалық аймақтарды жаңғырту, салық жеңілдіктерін енгізу секілді шаралар шетелдік инвесторларға ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік беруде.
Мәселен, Mars корпорациясы Алматы облысында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Инвестиция көлемі 88,8 млрд теңгеден асады. Сондай-ақ, Khan Tengri Biopharma компаниясы Алматыдағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағында фармацевтикалық өнімдер шығаратын кешен құрмақ. Инвестиция көлемі 103 млрд теңгеден жоғары.
Қостанайда KIA автомобильдерін шығаратын толық циклді зауыт іске қосылып, автомобиль өнеркәсібіне жаңа серпін беруде. Инвестиция сомасы 270 млн доллардан асады. Сонымен қатар америкалық Wabtec компаниясы Қазақстанда локомотивтер өндірісін күшейтіп, Астанада инженерлік-технологиялық орталық ашуда.
Металлургия саласында да локализация белсенді жүруде. ERG тобы жергілікті жеткізушілерден алынатын өнімдер үлесін арттыруда. Qarmet компаниясы бірнеше стратегиялық жобаларды қолға алып, құрылыс металлургиясындағы импортты алмастыруды көздеп отыр.
Инвестициялық портфельдің ұлғаюы
Қазақстан қазір жалпы құны 5,7 трлн теңгені құрайтын 20 ірі шетелдік инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Бұл жобалар 11 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, екі және одан көп елдердің қатысуымен тағы 9 көпжақты жоба іске асырылып жатыр.
Локализация мен экспортқа бағдарланған жобалардың арқасында Қазақстанның экономикалық әлеуеті артып, Еуразиядағы негізгі өндірістік хаб ретінде орны нығайып келеді.
Қазақстанда цифрлық трансформацияны қолдайтын IT-архитекторлар даярлану қолға алынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







