Қарағанды облысында қарамағындағы қызметкерін зорлауға оқталды деген айып тағылған ауыл әкімінің ісі көпшіліктің назаран аударды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға тағылған бапты өзгертіп, істі «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» ретінде қайта саралауды ұсынған. Мұндай шешіммен жәбірленуші тарап үзілді-кесілді келіспей отыр.
Іс материалдарына сәйкес, Ақшатау ауылының экс-әкімі өз қарамағында қызмет атқарған 23 жастағы бас маман Айтолқын Рақымжанованы қызметтік үйде бірге тұруға көндірген.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, сол кезде ауылдың бұрынғы әкімі қызды зорлауға әрекет жасап, қарсылық көрсеткен соң соққыға жыққан. Ең ауыр жайт күдікке ілінген азаматтың жәбірленушінің әкесімен бала кезден бірге өскен, жан жолдас болғаны болып тұр.
Алайда 48 жастағы Нұрлан Сейілбеков өзіне тағылған айыпты мойындамай, кінәсіз екенін айтуда. Ал жәбірленуші тарап прокурордың айыпты жеңілдетуге ұмтылған әрекетін түсінбей, істің әділ қайта қаралуын талап етуде.
Қыздың туыстарының айтуынша, Айтолқын Рақымжанова ауыр психологиялық күйзеліске түсіп, денсаулығынан айырылған. Олар істің «зорлауға оқталу» бабынан «жеңіл дене жарақатына» ауыстырылуы әділетсіз деп санайды.
Жәбірленушінің әкесі Асыл Рақымжанов сотта берген жауабында болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндады.
– Жан жолдасым келіп, «қызыңды жұмысқа орналастым» деді. Қызым сол жылы оқуын бітірген болатын. «Қасымда болады, бірге тұрамыз, маман қылып аламын» деген сөзіне сендік. Өйткені жан досым ғой. Ал кейін қызымды зорламақ болып, ұрып-соқанан естігенде өзімді қоярға жер таппадым. Қызымды шашынан сүйреп, басын пешке тықпақ болыпты. Қызым содан бері кейін адам танымастай күйге түсті, – дейді қыздың әкесі.
Жәбірленуші тарап істің ауыр бабы жеңілдетілмеуі тиіс екенін айтып, соттан әділ шешім күтетінін айтты.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қазіргі әкімдерге қатысты пікірін білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

