Spark of Light сайтында Назарбаевтың немересі өзін рухани ұстаз, яғни «рухани көсем» ретінде таныстырады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Нұрәли Әлиев Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның ұлы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі екені көпшілікке мәлім.
Сайттағы сипаттамаға сүйенсек, қозғалыс жетекшісі ретінде Нұрәли Әлиевтің миссиясы адамзаттың санасын жоғары деңгейге көтеруге ықпал ету. Нұрәли осыған дейінің өзінің парақшасына Тибетке барған сапарынан фотолар жариялаған болатын.

Онда оның жұмысы адамдарға ішкі үйлесімге, айқын ойға және саналы өмір салтына жетуге көмектесуге бағытталғаны айтылады. Авторлар «адамзат 3D-сана деңгейінен 5D-сана деңгейіне өту кезеңін бастан кешіп жатыр» деген тұжырымды алға тартып, осы үдерісте Нұрәли Әлиевтің рөлі жол көрсету, құралдар ұсыну және трансформациялық тәжірибелер арқылы адамдардың «өз болмысымен қайта қауышуына» жағдай жасау деп сипаттайды.
Spark of Light платформасында жарияланған мәтінде оның қызметі адамдарға өмірді саналы түрде сүруге, мақсатты айқын сезінуге және ішкі үйлесімділікті табуға мүмкіндік беретіні атап өтіледі. Мұндай идеялар қазіргі әлемде бағыт-бағдар мен мағына іздеген қоғам сұранысына жауап ретінде ұсынылып отыр.
Нұрәли Әлиевтің өмірбаянына көз жүгіртсек, ол бұған дейін мемлекеттік құрылымдарда және квазимемлекеттік секторда жоғары қызметтер атқарған. Ашық деректерге сәйкес, ол кәсіпкер ретінде де танылған. 2007-2008 жылдары Нұрбанк басқарма төрағасы қызметін атқарған. 2013 жылдың желтоқсанынан 2014 жылдың желтоқсанына дейін Транстелеком акционерлік қоғамының президенті болған. Сонымен қатар, Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін де атқарғаны белгілі.
Жеке өміріне қатысты деректерде оның Қазақстанның бұрынғы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болған Берік Имашевтің қызы Аидаға үйленгені айтылады.
Осылайша, Нұрәли Әлиевтің бүгінгі қызметі оның бұрынғы саяси-әкімшілік және бизнес салаларындағы жолынан мүлде бөлек бағытта дамып отыр.
Айтпақшы, Назарбаевтың үлкен немересі Нұрәли Әлиев өткен жылдың аяғында 41 жасқа толған туған күнін Дубайда дүркіретіп өткізгенін жазған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

