Бүгін Ғылым ордасында қолжазба мұраны сақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу мәселелері талқыланған жұмыс кездесуі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» атты ғылыми жоба аясында ұйымдастырылды.
Кездесуде Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов, жоба жетекшісі Нұрлан Атығаев болды. Тағы Қолжазбатану ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ықтияр Палтөре және шығыс тілдеріндегі қолжазба мұраны зерттеп жүрген ғалымдар қатысты.
Басқосу барысында жобаның орындалу барысы, қолжазба қорларын реестрлеу мен ғылыми каталогтау әдістемелері, реставрациялау және цифрландыру жұмыстарының қазіргі ахуалы жан-жақты қаралды. Сонымен бірге жүргізіліп жатқан зерттеулердің аралық нәтижелері, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер және ғылыми өнімдердің сапасын арттыру жолдары талқыланды.
Ұлар Мұқажанов өз сөзінде жобаның ғылыми әрі ұлттық маңызын атап өтті. Ол қолжазбаларды сақтау ісін жүйелеу, қолжазбатану саласындағы зерттеулерді ғылыми айналымға кеңінен енгізуді сөз етті. Сонымен қатар цифрландыру қарқынын күшейтіп, кітапхана инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігін айтты.

Сонымен қатар Ғылым ордасы қызметкерлерін ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді тарту, бірлескен ғылыми мақалалар жариялау, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін шетелдік басылымдарда шығару арқылы ғылыми әлеуетті арттырудың өзектілігіне тоқталды.
Жиын кезінде 2025 жылға арналған жылдық есептің табысты қорытындыланғаны айтылып, 2026 жылға арналған ауқымды ғылыми мақсаттар айқындалды. Алдағы кезеңде Ғылым және жоғары білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарға жарияланады. Соның іішінде Scopus дерекқорына енетін журналдарда ғылыми мақалалар мен монографиялар жариялау жоспарланып отыр.
Осы бағытта зерттеу топтары құрылып, жоба мүшелеріне нақты міндеттер жүктелді. Жұмыстар бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жалғасып, зерттеушілердің тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Кездесу соңында қатысушылар жобаның ұлттық ғылыми мұраны сақтаудағы рөліне ерекше мән беріп, ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту, жас зерттеушілерді ғылыми жұмысқа тарту және халықаралық стандарттарға сай дерекқор қалыптастыру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Қолжазба мұраға қатысты жүйелі зерттеулер отандық ғылымның мазмұнын тереңдетіп, тарихи деректердің ғылыми айналымда кеңінен қолданылуына жол ашатыны атап өтілді.
Ғылым ордасында ғалым, тарихшы Дүйсенәлі Әбділәшімұлының «Елдік феномен: Қазақ хандығының Цин патшалығына жолдаған бірегей дипломатиялық құжаттары туралы тарихи-деректанулық зерттеу» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

