Қазақстан салық қызметін бюрократиядан арылтып, бизнесті «клиент» деп танитын жаңа кезеңге көшеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдегендей, ендігіде салық органдары мен кәсіпкерлер арасында бұрынғыдай «қырғи-қабақ» емес, керісінше сервиске негізделген қарым-қатынас орнайды.
Негізгі реформа есепті уақытында өткізбеген жағдайда, «нөлдік есептің» автоматты түрде толтырылуы. Осы арқылы мемлекет шағын және орта бизнесті айыппұл мен банк шоттарының бұғатталуынан қорғауды көздеп отыр.
Дегенмен, жасырын кіріс немесе айналым анықталса, жауапкершілік бәрібір күшінде қалады.
Реформа шеңберінде салық есептерінің саны да айтарлықтай азаймақ. Бұрын 41 форма толтырылса, алдағы уақытта кәсіпкерлер тек 28 форманы тапсырады.
Сонымен қатар арнайы көшпелі топтар құрылып, интернеті жоқ шалғай ауылдардағы зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып, есептерді рәсімдеуге көмектеседі.
Салықшылар қандай уәде беріп отыр?
Мемлекеттік кірістер комитеті бизнес өкілдерін кәсіп тіркеуден бастап оны толық жапқанға дейін үздіксіз сүйемелдеуге уәде беріп отыр. Қазірдің өзінде кәсіпті мобильді қосымша арқылы тіркеу, салық есептерін автоматты толтыру, салық төлемдерін бір түртіп қана жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ электронды хабарламаларды да көбейтеді. Бизнес бастауды жоспарлаған азаматтарға онлайн-калькулятор іске қосылмақ. Сол арқылы қандай кәсіпкерлік формасын таңдау, салық төлеу режимі және құжат тапсыру мерзімдері туралы кеңес беріледі.
Тағы бір маңызды өзгеріс банктер мен салық қызметінің интеграциясы. Қазірдің өзінде банк платформаларында салыққа қатысты 20-дан аса қызмет қолжетімді. Алдағы уақытта барлық мәселені, тіпті кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды басқаруды да банк қосымшасы арқылы шешуге мүмкіндік жасалады.
Айта кетелік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзін «жаңа салық реформасының әкесі» деп атаған еді. Шендінің қымбатшылық болмайды деген болжамы орындалмай, жаңа жыл бастала саласымен барлық жерде баға күрт көтеріліп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

