Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына сын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Көкшетау, Семей және Өскемендегі жаңа ЖЭО құрылысы созылып кетті. Бұл Үкімет пен «Самұрық-Қазынаға» сын. Курчатовтағы электр станциясын, ГРЭС-2-нің қосымша энергоблоктарын уақтылы іске қосып, Екібастұзда ГРЭС-3 құрылысын бастау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев энергожүйе тұрақтылығын сақтау үшін баланс қуаттарын тезірек іске қосудың маңызды екенін айтты. Бұл мәселені шешуде газ генерациясына басымдық берілуі тиіс.
Президенттің пікірінше, елдегі табиғи газ өндірісі экономиканың сұранысынан артта қалып отыр. Былтырдың өзінде импорт көлемі 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард текше метрге жеткен.
– Жаңа кен орындарын игеру қарқыны баяу. Осының бәрі тиімсіз жоспарлаудың салдары. QazaqGaz компаниясы өз қаржысы мен инвесторларды тартып, жаңа учаскелерді игеруге кірісуі керек, – деді Президент.
Ол QazaqGaz компаниясының небәрі 350 миллион текше метр газ өндіретінін және онда 10 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін сынға алды.
– Бұл қандай өндірістік матрица? Мұның не үшін жасалғанын түсінбеймін. Негізгі газ кеніштері мен активтері «ҚазМұнайГазда». Онда бұл екі компанияны неге бөлек ұстау қажет? – деп сұрақ қойды Тоқаев.
Президент Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын игеруді және газ өңдеу бойынша ірі жобалардың мерзімінде іске қосылуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Білесіз бе? Қазақстанда коммуналдық тариф мен жанармай бағасын ұстап тұрған мораторий 1 сәуірден бастап кілт тоқтайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

