Ақорда Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуы үшін миллиард доллар төлеу қажет болды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақорда өкілдерінің айтуынша, кез келген мемлекеттің Бейбітшілік кеңесіне қосылуы тек оның тәуелсіз әрі егемен шешіміне байланысты жүзеге асырылады. Мемлекет осы ұйымға кірген сәттен бастап оның мүшелігі үш жылға белгіленеді.
«Жарғыда көрсетілген 1 млрд доллар көлеміндегі ерікті жарна міндетті шарт емес. Ол әрбір мемлекеттің өз қалауы. Мұндай жарна ұйымға қосылған алғашқы жылы жасалса, елдің Кеңестегі мерзімін үш жылдан асыру мүмкіндігі қарастырылған. Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарна жасамай кірді және бұл толықтай ұйым Жарғысына сәйкес келеді», – деп хабарлады Ақорда өкілдері.
2026 жылғы 22 қаңтарда Давоста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойған болатын.
Жарғыға қол қою рәсіміне Қазақстанмен бірге әлемнің 18 мемлекетінің басшылары мен ресми өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, Ақорда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Давостағы форум аясында Дональд Трамппен болған қысқа әңгімесінің мазмұнын да жариялады.
Айтқандай, Президент Тоқаев Дөкеңнің әйгілі «365 күндегі 365 жеңіс» құжатында Қазақстанның Авраам келісіміне қосылуын өз жетістігі етіп көрсеткеніне назар аударған екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

