Жапонияның Mitsubishi сауда корпорациясы сирек кездесетін металл галлийді Қытай емес, Қазақстаннан импорттай бастамақ деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Компанияға қарасты Mitsubishi Corporation RtM Japan еншілес кәсіпорны Қазақстанның мемлекеттік қатысуымен жұмыс істейтін «Қазақстан алюминийі» компаниясымен келісімге қол қойды.
Жапондар 2026 жылдан бастап жылына шамамен 15 тонна галлий сатып алып отырады.
Қазіргі кезде Жапония галлийдің жартысынан астамын Қытайдан импорттайды. Былтыр Бейжің сирек металды экспорттауды күрт шектеп тастағандықтан, Төкио шикізат жеткізушілерін әртараптандыруды қолға алып отыр.
Қазақстандық компания биыл Павлодар қаласында арнайы зауыт ашып, өндірілген барлық галлийді толықтай Жапонияға экспорттамақ.
Галлий электр көліктеріне қажетті жартылай өткізгіштерді және сұйық кристалды панельдерге арналған диодтарды жасауда кеңінен қолданылады. Әдетте алюминий өндірісінен алынатын жанама өнім саналады.
Екі ел арасындағы келісімге президент Тоқаевтың өткен айдағы Жапонияға сапары барысында қол қойылған екен. Желтоқсан айында Токиода алғаш рет Орталық Азия мемлекеттері мен Жапонияның бірлескен саммиті өткен болатын.
Дегенмен Mitsubishi өкілі «бұл Қытай нарығынан мүлде бас тартуды білдірмейді, тек шикізат жеткізушілер қатарын кеңейтуді көздейтін жоба» деп атап өтті.
Ал Төкио төріндегі Тоқаев туралы біз арнайы материал ұсынғанбыз. Ақорда жапон инвесторлары үшін жағдайды одан әрі жақсартып, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға әзір. Төкио сапары барысында жалпы сомасы 3,7 млрд долларды құрайтын 60-тан астам келісімге қол қойылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

