Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы еліміз үшін аса маңызды қадам болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі цифрлық технологияларды отын-энергетика кешеніне кеңінен енгізу жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Министрліктің негізгі ұстанымы тәжірибелік сынақтар мен эксперименттерге емес, нақты тиімділік әкелетін қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға негізделген. Осы мақсатта энергетика саласында үш бірегей практикалық жоба іске қосылып, оң нәтижесін көрсете бастады.
Бірінші жоба электр беру әуе желілерін ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) арқылы жасанды интеллект көмегімен дефектоскопиялау. 4K сападағы камералар, жылу сезгіштер және лидарлармен жабдықталған дрондар сымдар мен тірек конструкцияларындағы кез келген ақауларды, қызып кету мен деформацияларды автоматты түрде анықтайды. Бұл технология желілердің сенімділігін арттырып, жылына 2,5 млрд теңге көлемінде үнемдеуге мүмкіндік бермек.
Екінші жылу желілеріндегі құбырларды акустикалық резонанс технологиясына негізделген роботты диагностика. Бұл әдіс құбырларды ашып, жүйені тоқтатпай-ақ, олардың ішкі жағдайын дәл әрі жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында жөндеу жұмыстары алдын ала жоспарланып, шығын көлемі 42 млрд теңгеге дейін қысқармақ.
Үшінші жоба газ есептегіштердің көрсеткіштерін фотосурет арқылы автоматты түрде танитын ЖИ-ассистент. Бұл қызмет мобильді қосымша арқылы қолжетімді және адам факторын азайтып, газ есебінің дәлдігін арттыруға бағытталған.
Аталған жобалар сынақ кезінде жоғары тиімділігін дәлелдеді. Диагностика мерзімі едәуір қысқарып, апаттылық деңгейі төмендеді, сондай-ақ ресурстарды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік туды.
Президент тапсырмасына сәйкес, Энергетика министрлігі 2026 жылы жасанды интеллект шешімдерін кең көлемде енгізуді жоспарлап отыр. Электр және жылу салаларындағы диагностика түрлерін көбейту, магистральдық құбырларды құбырішілік роботты тексеру, газ саласындағы цифрлық сервистерді дамыту – осы жылдың басты міндеттері болмақ.
Сондай-ақ Министрлік қазақстандық IT-компаниялармен жасанды интеллект саласындағы өзара меморандумдар негізінде ынтымақтастықты одан әрі жалғастырады.
2026 жыл еліміздің энергетика саласын технологиялық тұрғыдан тәуелсіз, тұрақты әрі цифрлық бағытта дамуына берілген зор мүмкіндік. Осы бастамалар арқылы Қазақстан энергетикасының жаңа дәуіріне жол ашылады.
Айтпақшы, елімізде шағын бизнестің тынысы ашылатын болды. Үкімет салық берешегі бар кәсіпкерлерге өсімпұл мен айыппұлды кешіру, тексерісті уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

