Халықаралық валюта қорының Қазақстан экономикасының «қызып кету» ықтималдығы туралы ескертуі елдегі қазіргі құрылымдық өзгерістер мен экономикалық трансформацияға қалай әсер етеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Экономиканың негізгі макрокөрсеткіштерін мұқият талдау «қызып кету» белгілері емес, керісінше, ел экономикасының сапалы әрі тұрақты даму жолына түскенін айқын көрсетеді.
Әдетте экономикадағы «қызып кету» жағдайы экономикалық өсімнің мүмкіндіктен тыс, ресурстар тапшылығына әкелетін қарқынмен жүруін білдіреді. Ал Қазақстанда мұндай белгілер байқалмайды.
2023 жылдан бастап жұмыссыздық деңгейі тұрақты күйде 4,6-4,7% аралығында сақталып келеді. Жалақының өсу қарқыны экономикалық өсім динамикасынан артта қалуда. Бұл «қызып кеткен» экономикаға тән емес.
Қазақстанда нақты сектордың (тауар өндірісінің) өсу қарқыны қызмет көрсету секторынан әлдеқайда жоғары: нақты сектордағы өсім 2025 жылы 8,7%-ды құраса, қызмет көрсету секторында ол небәрі 5,3%-ға тең болды. Әдетте «қызып кету» кезінде жағдай керісінше болып, қызмет көрсету мен сатылмайтын тауарлар нарығы нақты секторға қарағанда тезірек өседі.
Қазақстанда байқалып отырған өсім құрылымдық трансформация мен қалпына келтіру кезеңінің нәтижесі. Өткен жылы 6,5% деңгейіндегі өсім, сондай-ақ 2026 жылы жоспарланған 5,0%-дан кем емес өсім динамикасы жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуымен, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен қамтамасыз етілуде. Бұл экономиканың ұзақ мерзімді сапалы өсіміне берік негіз қалайды.
Экономиканың негізгі драйвері ретінде мұнайға жатпайтын салалар белгіленген. Бұл – өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика мен ішкі сауда салалары.
2025 жылы өңдеу өнеркәсібінің өсімі 6,4%-ға жетті. Мұндай көрсеткіш машина жасау (12,9%), соның ішінде автомобиль өндірісі (17,5%), металл бұйымдарын өндіру (13,6%), азық-түлік (8,1%), химия (9,8%), сусындар (9,7%), резеңке мен пластмасса өнімдері (7,6%) өндірісінің артуымен қамтамасыз етілді.
Орта мерзімді кезеңде экономикалық саясатта өңдеу өнеркәсібін, сауда саласы мен инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл ретте тау-кен, әсіресе мұнай-газ саласы экономикалық өсімнің басты көзі ретінде қарастырылмайды. 2026–2028 жылдары өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқыны 6,2%-дан 6,6%-ға дейін артуы болжанып отыр. Бұған ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы мен жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы негіз болады.
Бюджеттік саясат инфляцияны тежейді
Экономиканың әртараптандырылуы өңдеу өнеркәсібі мен көлік-логистикалық кешенге бағытталған инвестициялардың өсуімен қатар жүреді. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасын сыртқы күйзелістерге, шикізат бағасының тұрақсыздығына төзімді етеді.
Инфляция деңгейіне келсек, өткен жылы Үкімет қабылдаған тарифтік саясатты реттеу шараларының нәтижесінде жылдық инфляция 2025 жылдың қыркүйегіндегі ең жоғары көрсеткіш 12,9%-дан желтоқсанда 12,3%-ға дейін төмендеді. Биылғы жылы инфляцияның әрі қарай бәсеңдеуі болжануда, жыл соңына қарай инфляция деңгейі 9–11% аралығында қалыптасады деп күтілуде.
2026 жылғы бюджеттік саясат инфляцияны тежеудегі негізгі фактор болмақ. Бюджеттік ережелер қатаң сақталып, Ұлттық қордан алынатын трансферт шектеледі. Атап айтқанда, 2026 жылы Ұлттық қордан тек кепілдендірілген трансферт (2 770 млрд теңге) ғана тартылып, нысаналы трансферттер көзделмеген. Мұнайға жатпайтын тапшылық деңгейі ЖІӨ-ге шаққанда 2025 жылғы 7,3%-дан 2026 жылы 4,9%-ға дейін төмендейді.
Қорытындылай келе, Қазақстан экономикасы қазіргі таңда өсу мен макроэкономикалық тұрақтылық арасындағы прагматикалық тепе-теңдікті табысты сақтап отыр. Экономиканың бүгінгі динамикасы «қызып кету» емес, ұзақмерзімді тұрақты дамуға бағытталған сапалы құрылымдық трансформацияны көрсетеді. Еліміз тұтынудан бөлек, болашағына нақты инвестиция құя отырып, қаржы көрсеткіштерін мұқият бақылап, бюджеттік тәртіпті сақтап келеді.
Айтпақшы, Мексика шығанағында болған қатты қысқы дауыл АҚШ-тағы мұнай өндірісіне едәуір зиян келтіріп, мұнай бағасының бір күнде шамамен 3%-ға өсуіне себеп болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

