ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жол құрылысы саласындағы былық мен коррупцияға қатысты тексеріс туралы шындықты айтты.
Tengrinews-ке берген сұхбатында ол 600 миллион теңгеге жөнделген көпірдің қирауынан кейін аймақтағы бүкіл жол саласын жіті тексеруге тапсырма бергенін мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, ауқымды тексеру барысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолы басқармасының басшысы Данияр Уахитов ұсталған. Ол бірден қызметінен шеттетілген.
Дегенмен әкім ұсталған шенеуніктің көпірге қатысы жоқ басқа іс бойынша күдікке ілінгенін айтып отыр.
Сондай-ақ, Сақтағанов экс-шенеунікпен жеке байланысы бар деген қауесетке нақты жауап берді. Ол Уахитовты тағайындау ашық конкурс арқылы өткенін, бұған дейін оның өз саласында кәсіби әрі қабілетті маман ретінде танылғанын, алайда сенімді ақтай алмағанын жеткізді.
«Оңай жолмен келген ақшаның дәмін татқандар, түзу жолдан тез тайқып кетеді екен», – деп түйді әкім. Оның айтуынша, осы оқиға өзіне үлкен сабақ болып, болашақта сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары салаға басшы тағайындағанда талапты күрт күшейтуге түрткі болған.
Әңгіме барысында Сақтағанов көпірдің құлау себебіне де тоқталды. Әзірше нақты сараптаманың қорытындысы дайын емес. Дегенмен апаттың басты себебі ретінде өзен суының күрт көтерілуі мен 1940 жылдары салынған ескі конструкцияның әбден тозуы аталды.
Әкім енді ескі көпірді қалпына келтірудің еш мәні жоқ екенін, орнына мүлдем жаңа нысан салынатынын хабарлады.
Контекст
Еске салайық, Шығыс Қазақстан облысындағы Шнайдер көпірі 1 қыркүйекте құлап қалған еді. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Көпірді жөндеуге бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Нысанның құлауына байланысты Қылмыстық кодекстің «Сапасыз құрылыс» бабы бойынша іс қозғалған-тын.
Мамандар көпір конструкциясын тексере келе, оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес деген қорытынды шығарған. Әлі оқиғадан кейін облыстық Жолаушылар көлігі және автомобил жолы басқармасының басшысы Данияр Уахитов едел-жедел орнынан кеткен. Ол бұл қызметті небәрі жарты жыл ғана атқарды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

