Конституциялық реформа комиссиясы Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының алғашқы нұсқасын жариялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа Конституция жобасы азаматтардан, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан келіп түскен ұсыныс негізінде әзірленген. Жарты жылға жуық уақыт бойы жалғасқан қызу пікірталас нәтижесінде
Конституция мәтінінің 84 пайызы яғни 77 бап бойынша ұсыныстар қарастырылып, қайта жазылды.
Конституциялық реформаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қыркүйектегі Жолдауы себеп болған еді. Президент саяси жүйені толық қайта жүктеп, бір палаталы Парламент құру туралы идеяны көтерген. Қазан айында Парламент реформасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, оған танымал заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді.
Азаматтар да бұл іске белсенді араласты – e-Otinish пен eGov порталдары арқылы екі мыңнан аса ұсыныс келіп түсті.
Конституциялық комиссияның мүшелері туралы не белгілі?
Жаңа Конституция жобасын дайындау үшін арнайы құрылған Конституциялық комиссияға барлық өңір мен әлеуметтік топтардың атынан 130 адам шақырылды. Комиссияға Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова жетекшілік етеді.
Оның орынбасарлары болып Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тағайындалды.
«Комиссия жұмысы – жекелеген баптарға өзгеріс енгізу ғана емес, Конституцияны заман талабына сай толық трансформациялау. Негізгі заңның іргелі принциптерін сақтай отырып, бүгінгі сын-қатерлерге жауап беруіміз қажет», – деді Эльвира Әзімова.
Ата заңға енген ең басты өзгеріс?
Конституцияға енгізілген түбегейлі өзгерістердің негізгі бағыты адам құқықтарына басымдық беру, азаматтардың билікке тікелей араласуын қамтамасыз ету, білім мен ғылымға ерекше мән беру, цифрлық ортада азаматтардың құқығын қорғау. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты құндылығы ретінде көрсетілген. Сондай-ақ әділдік, заңдылық, табиғатты қорғау принциптері де енді Конституция деңгейінде бекітілді.
Негізгі заңның басты идеясы елдің болашағы табиғи байлықпен емес, адами капиталмен, азаматтардың білімі мен мәдениетімен айқындалады деген ұстанымға негізделген.
Құжатта цифрландыруға ерекше мән берілген. Конституцияда алғаш рет цифрлық ортада азаматтардың құқықтары заңды түрде қорғалмақ.
Бұдан былай…
Жаңа Конституцияның жаңалықтары да ауқымды. Енді Парламент бір палаталы Құрылтай аталып, 145 депутаттан тұратын болады. Депутаттарды пропорционалды сайлау жүйесі арқылы бес жыл мерзімге сайлау көзделген. Бұл саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып, кадр саясатын нығайтады.
Елде жаңа диалог алаңы Қазақстанның Халық Кеңесі құрылмақ. Халық мүддесін қорғайтын кеңес заң шығару бастамасын ұсынуға да құқылы болады.
Тағы бір жаңалық Вице-Президент институтының пайда болуы. Вице-Президент Президенттің тапсырмасымен қоғаммен, ғылыми-мәдени және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты үйлестіреді.
Конституцияда адвокатура қызметіне арналған жеке бап пайда болды. Интеллектуалдық меншік қорғау нормасы да алғаш рет енгізілді. Сондай-ақ азаматтардың құқығын кері күші бар заңдардан қорғау, кінәсіздік презумпциясын бекіту, бір құқық бұзушылық үшін екі рет жауапқа тартуға тыйым салу, «Миранда ережесін» енгізу секілді құқық қорғау шаралары да күшейтілді.
Мемлекет пен діннің ара жігі нақты ажыратылды. Білім беру мен тәрбие беру жүйесінің зайырлылық сипаты анық жазылды. Сондай-ақ неке – ер мен әйел арасындағы ерікті әрі тең құқықты одақ екені көрсетіліп, дәстүрлі құндылықтар мен әйел құқықтарын қорғауға ерекше мән берілді.
Жоба мәтіні терминологиялық тұрғыдан да толық жаңарды.
Конституция жобасының толық мәтініне ұсыныс қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасып жатыр. Негізгі заңға қатысты соңғы шешімді халық бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдайды. Құжаттың толық мәтінімен осы тұстан таныса аласыз.
Айта кетелік, осыған дейін жиында сөз алған Тоқаевтың көмекшісі Ержан Жиенбаев вице-президенттің мисссиясына егжей-тегжейлі тоқталған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

