АҚШ-тың Иранға қарсы қандай әскери қадамдарға баруы мүмкін деген сұрақ соңғы күндері халықаралық күн тәртібінің өзегіне шықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Парсы шығанағы маңына АҚШ-тың қуатты әуе тасымалдаушы тобы шоғырлануы, зымыран және ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердің нәтижесіз аяқталуы Вашингтонның әскери сценарийлерді қайта қарастырып отырғанын аңғартады.
Қаңтардың соңында аймаққа «Abraham Lincoln» авианосцы бастаған соққы тобы келді. Бұл кемеде ондаған ұшақ пен тікұшақ орналасқан. Осы кезеңде Пентагон кейбір базалардан әскери контингентті әкетіп, Тегеран әуе кеңістігін уақытша жапты. Сарапшылардың бір бөлігі АҚШ пен Иран арасындағы жаңа әскери соққы ықтималдығын жоғары бағалайды.
АҚШ-тың әскери әрекеті ең алдымен оның мақсатына байланысты. Америкалық теңіз жаяу әскерінің отставкадағы полковнигі, CSIS сарапшысы Марк Кансиан ойын ортаға салды. Оның пікірінше, Вашингтон Иранның қауіпсіздік құрылымдарына, соның ішінде Ислам революциясы сақшылар корпусына бағытталған шектеулі соққылар арқылы қысым көрсетуі мүмкін. Мұндай қадам Иранды «жазалау» және оның осал тұстарын көрсетуге бағытталмақ.
Уппсала университетінің профессоры Ашок Свейн де кең ауқымды соғыс емес, шектеулі әрі нақты мақсатталған әрекеттер ықтимал екенін айтады. Оның сөзінше, мұндай сценарий аймақтық тежеу логикасына сай келеді. Әуе және зымыранға қарсы қорғаныс, теңіз жолдарының қауіпсіздігі, нақты «қызыл сызықтар» мен таңдамалы соққылар басым болмақ.
АҚШ Иранға қалай қысым жасайды?
Сарапшылар B-2 стратегиялық бомбалаушысы немесе аса ауыр қару түрлерін қолдану бұл жолы міндетті емес деген пікірде. Кансианның айтуынша, алыс қашықтықтағы «Tomahawk» қанатты зымырандары жеткілікті болуы мүмкін. Ал B-2 тек терең жер асты нысандарына қарсы қажет. Свейн мұндай соққылардың саяси тұрғыдан қауіпті екенін, оларды бақылауда ұстау қиын екенін және аймақта АҚШ күштеріне жауап шабуыл қаупін арттыратынын ескертеді.
Мұндай соққылардың салдары да таңдалған форматқа тікелей байланысты. Еуропалық университет институтының сарапшысы Мохаммад Эслами әскери әрекеттердің стратегиялық пайдасы аз, ал аймақтық тұрақсыздықты күшейту ықтималдығы жоғары екенін атап өтеді. Ал Свейн кез келген ауқымды әрекет эскалацияны тездетіп, Иран ішіндегі радикалды күштердің позициясын күшейтетінін, бейбіт тұрғындарға зиян тигізетінін айтады.
Кансианның болжамынша, Вашингтон үшін ең ықтимал нұсқа штабтар мен қауіпсіздік инфрақұрылымына бағытталған дәл әуе соққылары. АҚШ адам көп шоғырланған жерлерге соққы бермеуге тырысады.
Аятолла Әли Хаменейді тұтқындау немесе жою сценарийі сарапшылар арасында шынайы нұсқа ретінде қарастырылмайды. Теориялық тұрғыда мүмкін болғанымен, Иранның ішкі құрылымы, географиялық ауқымы және Сақшылар корпусының абсолютті адалдығы мұндай операцияны іс жүзінде жүзеге асырылмайтын етеді. Кансианның пікірінше, АҚШ-та мұндай қадамға қажет инфрақұрылым да, уақыт та жоқ.
Әскери емес құралдар да назардан тыс қалып отырған жоқ. Ашок Свейн АҚШ-та қаржылық қысым, аймақтық қорғаныс шаралары, теңіз жолдарын қорғау және дипломатиялық тетіктер сияқты «тыныш» сценарийлер бар екенін айтады. Оның ойынша, ирандық азаматтық қоғамды жанама қолдау, ақпаратқа қолжетімділікті арттыру ұзақ мерзімді тұрғыда әскери эскалациядан да тиімді болуы мүмкін.
Марк Кансиан интернетке қолжетімділікті қалпына келтіруді наразылық білдірушілер үшін ең пайдалы қадам деп санайды. Ал Мохаммад Эслами негізгі мәселе АҚШ-тың мұндай шешімдерді біржақты қабылдауға моральдық және құқықтық құқы бар-жоғында екенін алға тартады. Оның пікірінше, тұрақты шешім халықаралық құқық, дипломатия және көпжақты институттар арқылы ғана мүмкін. Біржақты әскери араласу ұзақ мерзімді тұрақсыздықты ғана күшейтеді.
Тілшілеріміз осыған дейін Трамп пен Масктың құпия жоспары туралы жазған еді. Толық ақпаратты осы тұстан табасыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

