Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 7-отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әзірленіп жатқан жаңа Конституция жобасының ел тарихындағы ерекше орнына назар аударды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция бүгінгі күрделі геосаяси әрі құқықтық сын-қатерлерден қорғайтын іргелі құжатқа айналмақ. Реформа Қазақстан үшін күнде беріле бермейтін тарихи мүмкіндік. Қоғам мен азаматтардың белсенді қатысуы Конституция жобасының құндылығын арттырып, оны шынайы халықтық құжат деңгейіне көтереді.
– Біз Конституция мәтінін жай ғана жаңартып жатқан жоқпыз, елдің ертеңгі күнін айқындайтын стратегиялық миссияны атқарып жатырмыз. Осы жұмыстың әр қатысушысы тарихи жауапкершілікті сезінуі тиіс. Қоғам үшін де өз тағдырын өз қолымен қалыптастырудың маңызды сәті туып отыр, – деді депутат Айдос Сарым.
Оның пікірінше, жаңа Конституция саяси жүйені нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ елдің технологиялық серпілісі мен әлеуметтік өркендеуіне берік негіз қалайды.
Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші комиссия отырысында қазіргі қолданыстағы Конституция мен ұсынылып отырған жаңа нұсқаның арасындағы айырмашылықтарға тоқталған болатын.
Танымал заңгер Айман Омарова жаңа Конституция жобасындағы тіл мен жер мәселесіне қатысты пікір білдіріп, әлемжелідегі ақпаратқа сенбеуге шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

