Тәртіп сақшылары қоғамда өткір мәселелерді көтеріп жүрген журналист Дина Елгезектің есігін қағыпты деп жазады Ertenmedia.kz.
Конституциялық өзгерістің олқы тұстарын жіпке тізген белсендісінің әрекеті заңға томпақ болса керек.
«Үйге полициялар келді. “Түсіндірме жұмысы” дейді-мыс. Қазақстан азаматы ретінде Конституцияны талқылауға толық қақым бар. Тілімді қорғау Отанымның алдындағы перзенттік парызым», — дейді осы тұста Дина Елгезек.
Соңғы күндері Ата заңдағы атышулы 9-шы баптың аптығы басылмай тұр. Әлемжелідегі қауым түгелдей өзгеріп жатқан маңызды құжатта мемлекеттік тілге де лайықты мәртебе берілуі керек деп санайды.
Facebook-тен басталған наразылықты соңғы күндері Threads-тегі қауым іліп әкетіп, аталған мәселеде биліктен батыл қимыл талап етуде.
Ақорда өз кезегінде қазақ тілінің тұғырдан түспесіне кепілдік беріп отыр.
Бүгін Ермұрат Бапи, Бақытжан Базарбек, Қазыбек Иса секілді «ауыр артиллерияны» алға салған билік тілдің төңірегіндегі тым көтеріліп кеткен градусты басуға тырысқан еді.
Депутат Бапи ұлттық мүддені желеу етіп, жұртты жікке бөлетін жалған ұранға ермеуге шақырып отыр.
«Кремль? Конституцияға қадалған көз бар! Елді дүрліктіріп, әлемжеліні шулатып жүргендер шын мәнінде елдің болашағын ойламайды», – дейді депутат.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

