Тоқаевтың өткір сынынан кейін Ішкі істер министрі Шымкентке шұғыл ұшып келді. Ержан Сәденов тәртіп сақшыларының жұмысына ашық сын айтып, полиция департаментінің басшылығын түгелдей жаңартты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшының қаладағы полиция қызметіне көңілі толмайтынын айтқаннан кейін Ішкі істер шұғыл түрде қызметтік тексеріс өткізген екен.
Нәтижесінде…
Шымкенттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, оның орынбасарлары және бірнеше аудандық бөлімше жетекшілері қызметінен қуылған.
Бұдан былай қаладағы полиция департаментіне салада үлкен мектептен өткен, басқарушылық тәжірибесі мол генерал-майор Мұхтар Қожаев жетекшілік етеді.
Министр Сәденов жаңа басшылықтың алдына қызмет сапасын арттыруды және қаладағы қылмыстық ахуалды дереу тұрақтандыруды басты міндет етіп қойды.
«Қызметтік тәртіпті сақтамау, қылмысты жасыру мен жемқорлыққа жол беру фактілері бойынша ендігіде тікелей басшылар жауапкершілік арқалайды. Әрбір заң бұзушылыққа басыңызбен жауап бересіздер», – деді Ержан Сәденов.
Нұрай трагедиясы
Жиын барысында студент Нұрай Серікбайдың өлімі сияқты қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстарға қатысты тергеудің созбалаңға салынуы Сәденовтің ашуын туғызды.
Ол аталған істің толық әрі объективті тергелуін талап етіп, полицияның сталкинг (қорқытып-үркіту, аңду) мәселесіне немқұрайлы қарауын сынға алды.
Министр айтуынша осындай шағымдарға дер кезінде құлақ аспаудың соңы қайғылы жағдайға ұласып жатыр.
Сондай-ақ…
Ержан Сәденов қаладағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, Шымкент полициясы ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуде нәтиже көрсетпей отыр.
«Қылмыстық топтарды әшкерелеуде нақты нәтиже жоқ. Бұдан былай құрғақ есеппен құтылмайсыздар. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте батылдық пен нақты іс-әрекет керек», – деп ескертті министр.
Ол қылмыстарды алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе қала көшелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жол ережесін қатаң бақылауды тапсырды.
Министр Шымкентке сапары барысында полиция қызметін жан-жақты инспекциялауды бастап кетті. Мақсат жергілікті полициядағы кемшіліктердің түп себебін анықтап, жою жолдарын ұсыну. Бұған қоса, министр ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесіп, олардың жас қызметкерлерді тәрбиелеудегі тәжірибесі мен ақыл-кеңестерін тиімді пайдалануды тапсырды.
Контекст
Бұған дейін президент Тоқаев қаскөйдің қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты Шымкент полициясының жұмысына қатаң баға беруді тапсырған. Артынша қалалық полиция басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов лауазымынан босатылған. Мемлекет басшысы осы істі жеке бақылауына алатынын мәлімдеген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

