Әр мемлекет өзінше алып бір корпорация. Оның өз стратегиясы, басқару құрылымы, ішкі процестері мен мәдениеті бар екенін Ерназ Есбергенов алға тартып, ойын ортаға салды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Конституция болса осы күрделі жүйенің басты архитектурасын анықтап, мемлекет институттарының өзара әрекеттесу принциптерін белгілейді. Сондықтан конституциялық реформаны қарастырғанда, оны тек құқықтық құжат емес, ең алдымен мемлекеттік басқарудың маңызды механизмі ретінде түсінген жөн.
Әлемнің дамыған елдерінде кең тараған басқару философиясының бірі Кайдзен жүйесі. Әдетте, Кайдзенді қарапайым «кішігірім қадамдармен алға жылжу» деп түсінеміз. Шын мәнінде Кайдзен күрделі жүйелерді басқарудың бірегей тәсілі. Оның басты мәні өзгерістердің тездігі емес, олардың жүйеге орнықты енуінде. Өзгеріс алдымен іс жүзінде сыналып, тиімділігі дәлелденіп, содан кейін ғана ереже мен норма ретінде бекітіледі.
Дәл осы басқарушылық философияны мемлекет басқаруда, оның ішінде конституциялық реформалар кезінде қолдануға болады.
Операциялық тиімділік пен институционалдық кемелдік
Компаниялар тәжірибесінде операциялық тиімділік дегеніміз ресурстарды аз жұмсап, құндылықты көбірек шығару қабілеті. Ол айқын процестерге, нақты белгіленген жауапкершілікке, тұрақты кері байланысқа сүйенеді.
Ал мемлекеттік деңгейде бұл қағидаттар жұмыс істейтін институттар, әділетті әрі түсінікті процедуралар, ережелердің болжамдылығы және қоғамның билікке сенімі арқылы көрініс табады. Егер реформа аясындағы нормалар тәжірибеде сынақтан өтпей, тек құжат жүзінде бекітілсе, онда ол шынайы өмірде жұмыс істемейді. Бұл классикалық басқарушылық қателік саналады. Мұндайда қоғам мен мемлекет арасында сенімсіздік пен институционалдық тұрақсыздық туындайды.
Берік негіздер және өзгермелі механизмдер
Әр жүйенің өзгермейтін берік негіздері болады. Компанияда олар – базалық құндылықтар, ал мемлекетте – негізгі құқықтар мен бостандықтар: білім алу құқығы, сөз және дін бостандығы, тұрғын үйге, жерге құқықтар. Олар ешқашан эксперимент нысанына айналмайды.
Екінші жағынан, көптеген нақты процестер, басқарушылық механизмдер мен рәсімдер алдымен тәжірибеде өз өміршеңдігін дәлелдеуі тиіс. Тек содан кейін оларды басты құжатта бекіту керек. Әйтпесе, реформалар қағазда бар, іс жүзінде жоқ болып шығады.
Тіл операциялық шынайылықтың айқын мысалы
Мемлекеттік тіл мәселесі де осы логиканы нақты көрсетеді. Операциялық тиімділік тұрғысынан тіл – декларация емес, күнделікті коммуникация құралы. Тіл тек білім беру, мемлекеттік қызмет, бизнес, медиа, тұрмыстық қарым-қатынастарға шынайы енгенде ғана жұмыс істейді.
Менің қатарластарым тарихи себептермен орыстілді ортада өсті. Бірақ бұл біз өз тілімізді құрметтемейді дегенді білдірмейді. Керісінше, көпшілігіміз қазақ тіліне біртіндеп, саналы түрде көшіп жатырмыз. Мен балаларыма қазақ тілінде еркін сөйлегенін қалаймын.
Ал бұл мақсатқа қысыммен емес, табиғи түрде тілдік орта қалыптастыру арқылы жету қажет. Яғни, кайдзен тұрғысынан тілді күнделікті өмір процестеріне біртіндеп енгізу ғана орнықты нәтиже береді.
Басқару теориясында стандарт дегеніміз догма емес, жүйенің қазіргі жетілген деңгейін көрсететін және алдағы дамудың бағыттарын айқындайтын құжат. Конституция да дәл солай – қоғам қабылдай алатын және шынайы іске асырылатын нормаларды бекітіп, әрі қарай дамуға бағдар беруі керек.
Қазір Конституцияны өзгерту мәселесі байыппен, тәуекелдерді терең түсіне отырып талқылануда. Бұл – күрделі жүйелерді басқарудың ең үздік тәжірибелеріне сәйкес келеді.
Кәсіби қауымдастықтардың және «Болашақ» қауымдастығының рөлі
Кайдзеннің тағы бір ерекшелігі – жауапкершіліктің бөлінгендігі. Компанияларда жаңа идеялар басшылықтан ғана емес, команда мен кәсіби қауымдастық деңгейінде де туады. Мемлекетте де орнықты өзгерістер сарапшылардың, кәсіпкерлердің, ғылыми ортаның және азаматтық қоғамның белсенді қатысуынсыз мүмкін емес.
«Болашақ» бағдарламасының түлектері – әлемдік тәжірибені меңгерген, кәсіби білімі жоғары және нақты салада өзгерістерді жүзеге асыру тәжірибесі бар мамандар. Олар мемлекеттік маңызды реформаларды талқылау мен іске асыруға белсене атсалысып, өз тәжірибесін ұсынуға дайын.
«Болашақ» қауымдастығының мүшесі ретінде мен бұл процестерге белсенді қатысып, практикалық шешімдер ұсынып, олардың орындалуына жауапкершілік алуға дайын екенімізді баса айтқым келеді.
Түйіндей келгенде, мемлекет те, компания да бір құжатпен немесе бір реформа арқылы тиімділікке жете алмайды. Ол үшін үнемі кішкентай, бірақ мағыналы жақсартуларды жүзеге асырып, бірте-бірте институционалдық нормаларды қалыптастыру керек.
Операциялық тиімділік пен кайдзен философиясының шынайы мәні – міне, осында. Ел басқару мен бизнесті өркендетудің ортақ әрі тұрақты даму логикасы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

