Төрт жыл АҚШ-та тұрған экономист, бизнес-стратег Рауан Ерұлан Астанадағы мектептердің ішкі мәдениетін көріп, қатты түңілгенін жасырмай айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сөзінше, шетелге көшіп бара жатқанда тамыр-таныстары оған Американың қоғамын «шіріген» деп сипаттап, ондағы жастардың тәрбиесіне күмән келтірген екен. Бірақ елге қайтып, тоғыз ай бойы Астана мектептерін бақылағаннан кейін ол қазақстандық оқушылардың тәрбиесі әлдеқайда ауыр халде деген түйін жасап отыр.
«Астананың мектептерінде тіл тазалығы жоқ. 6-сыныптың балалары айтатын лас сөздерді тіпті ересектер де біле бермейді. Көшеде 2-3-сынып оқушыларының аузынан боқтық сөз естігенде, естімеген кейіп танытып, қаша жөнелгің келеді», – дейді экономист.
Оның айтуынша, мектеп дәлізіндегі көріністер де адамның жағасын ұстатады. Бір-бірінің басынан соғу, шалып құлату, итеріп жіберу қалыпты жағдайға айналған. Ал шетелде мұндай әрекеттер бала ойыны емес, заңмен жазаланатын қатаң тәртіп бұзушылық саналады екен.
«Не деген қатыгез, менмен, тіл байлығы төмен ұрпақ өсіріп жатырмыз деп ойланасыздар ма, замандастар?», — дейді осы тұста Рауан Ерұлан.
Желідегі қауым не деп жатыр?
Сарапшының сөзі әлемжелідегі қауымның көкейіндегі ойға дөп түссе керек. Пікір қалдырған оқырмандар жағдайды маманның пікірін құптап жатыр.
«Байқасаңыз, қазір балалар үлкендерді сыйлаудан қалды. Өз үйінде ата-анасын тыңдамайтын бала мектепте мұғалімді қайтсін?» – деп жазды оқырманның бірі.
Тағы бір ата-ана мектепте ұстаздардың шарасыз күйге түскенін айтып отыр. «Мұғалім балаларды жөнге салайын десе, ата-аналар шағым жазып шығады. Жоғары жақтан қолдау болмаған соң, ұстаз да амалсыз үнсіз қалады», — дейді ол.
Аудан орталығында тұратын мұғалім де осы мәселенің ауылға дейін жеткенін айтып, мектепте балағат сөздерден құлағы тұнғанын жеткізді: «Өзімді мұғаліммін деп айтуға ұяламын. Сынып ішіндегі боқтық, бір-біріне қатыгездік, әлімжеттік бәрі үйреншікті болып барады. Балаларда үлкендерді сыйлау деген ұғым қалмағандай», – деп жазды ол.
Ал бес жыл Ыстамбұлда тұрып, елге жақында оралған тағы бір ата-ана да Қазақстан мектебіндегі мәдениеттің төмендігіне наразы:
«Түркияда балаларым жылы қарым-қатынас көріп үйренген еді. Елге келгенімізге тоғыз ай өтті, олар әлі бейімделе алмай жүр. Мектепте естігені тек боғауыз сөз, бірін-бірі кемсіту, дөрекі мінез ғана. Қазақтың қызы көшеде еңкейсе, іш киімі көрініп жүреді. Түрік ұстаздарының мейірімі мен құрметіне әбден үйренген балаларым бұл жерден қатты стресс алды», – дейді ол.
Көпшілік тәрбиенің отбасынан кетіп бара жатқанына алаңдап, қазақ қоғамының келешегі не боларын ойлағанда қорқатынын ашық жазуда.
Айта кетелік, бұған дейін бір топ ұстаз «мұғалімдерді аудандық әкімдікке бағындыруға қарсылық білдіріп», президент Тоқаевқа хат жолдаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







