Соңғы күндері биліктің жоғарғы эшелонында орын алған ауыс-түйіс қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бүгін Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалса, Президент әкімшілігін басқаруға Роман Скляр келді. Бұрын осы қызметте болған Айбек Дәдебай қызметінен босатылды.
Депутат Ермұрат Бапи осы ауыс-түйістерге қатысты өз пайымын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, мұндай кадрлық шешімдер биліктің ішкі ахуалында, әсіресе кадр саясаты саласында қордаланған мәселелердің көрінісі болуы мүмкін. Сөзінше, кадр мәселесіне қатысты меморгандарда белгілі бір деңгейде наразылық туындап, соның салдарынан осындай кенеттен ауыс-түйіс орын алып отыр.
«Соңғы кезде кадр саясаты саласында, әсіресе жоғары билік деңгейінде ішкі наразылықтар байқала бастады. Алдымызда мейрамдар тұр. Екі мейрам арасында не себепті Президент әкімшілігінің басшысын осыншама асығыс ауыстыру керек болды? Осынша асықтырған кім? Артымыздан қуған жау жоқ қой!» – деп таңғалды депутат.
«Кадрлық бизнес» дегеніміз не?
Ермұрат Бәпидің айтуынша, билік дәлізінде соңғы уақытта «кадрлық бизнес» деген ұғым пайда болған. Бұл лауазымды қызметке тағайындау кезінде пайда табу мәселесін меңзейді.
«Шындықты жасырудың жөні жоқ. Соңғы уақытта кадр саясатына қатысты біраз сұрақ туындады. Ал мемлекеттік аппараттағы кадр саясатын бақылайтын жалғыз орган Президент әкімшілігі және оның басшысы. Өкінішке қарай, кадрлық мәселелер бизнеске айналып кеткен. Лауазымды қызметтерге тағайындау барысында түрлі келеңсіздіктер байқалып жүр», – деді ол.
Склярдың тағайындалуы кадрлық өзгерістерге әсер ете ме?
Депутаттың сөзінше, дәл осы мәселелердің жиынтығы Президент әкімшілігі басшысының ауысуына себеп болуы мүмкін. Билік «кадрлық бизнес» сияқты қауіпті үрдіске қарсы шұғыл шара қабылдауға мәжбүр болды деген болжамын айтты депутат.
Сонымен бірге Ермұрат Бапи президент Тоқаевтың бұрынғы басшыны арнайы қабылдап, оған алғысын білдіруі ауыс-түйістің тек ішкі кадрлық сипатта екенін көрсететін символдық ишара деп бағалады.
Бірқатар сарапшылар Роман Склярдың Президент әкімшілігіне келуі кадр саясатын реттеудегі түбегейлі өзгерістердің бастамасы болуы мүмкін деп болжауда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







