Қазақстанда көлікке жалған мемлекеттік нөмір тағып жүретіндер үшін жауапкершілік қатаңдатылуы мүмкін. Депутат Бақытжан Базарбек мәселе көтеріп, елде мұндай заңсыздықтың тым көбейгенін ашық айтты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс отырысында депутат жалған мемлекеттік нөмірлердің кесірінен талай адам қаза тауып жатқанын жеткізіп, заңды қатаңдату керектігін алға тартты. Айтуынша, бүгінде жалған нөмір тағатындардың арасында қалтасы қалың азаматтар мен олардың бала-шағасы да жиі кездеседі.
«Бұл Алматыда ғана емес, бүкіл Қазақстан аумағында таралған қауіпті үрдіс. Қарапайым жұрттың өміріне тікелей қауіп төндіріп отырған мәселе. Жалған нөмір таққан көлік апат жасаса, кінәліні табу қиынға түседі. Салдарынан қаншама отбасы қайғы жұтып отыр», — деді Бақытжан Базарбек.
Оның сөзінше, мұндай әрекеттерден қарапайым халық қана емес, мемлекет бюджеті де айтарлықтай шығынға ұшырап келеді.
Қазіргі жаза неге жеңіл?
Депутат қазіргі заңның тым солқылдақ екенін сынға алды. Бүгінде жалған нөмір орнатқандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша 15 АЕК көлемінде ғана айыппұл төлейді. Екінші рет ұсталғандардың жүргізуші куәлігі бір жылға алынуы мүмкін, болмаса 20 АЕК айыппұлмен шектеледі.
«15 АЕК деген не? Айыппұлын төлеп, жайбарақат жүре береді. Бұл адам өмірін құтқаруға емес, қайта қауіпті күшейтуге себеп болып отыр. Әкімшілік жазамен ғана шектелу дұрыс емес. Мүмкін ендігі жерде осы әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік енгізуіміз керек шығар?» — деп мәселені тіке көтерді депутат.
Ішкі істер де ұсынысты қолдап отыр
Министр Сәденовтің орынбасары Санжар Әділов депутаттың ұсынысына қолдау білдірді. Ол жалған мемлекеттік нөмір мәселесі шынында өте өзекті екенін, әсіресе қылмыс жасағандар арасында жиі қолданылатынын айтты.
«Бүгінде жалған нөмір жасағаны үшін ғана қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал оны көлікке тағып пайдаланғаны үшін қылмыстық жаза жоқ. Сондықтан сіздің ұсынысыңызды қабылдадық, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу бағытында жұмысты бастап кеттік. Құқықтанушы ғалымдар мен мемлекеттік органдардың қатысуымен заңды қайта қараймыз», — деп мәлімдеді Санжар Әділов.
Мамандардың пікірінше, жалған нөмірлер мәселесінің шешімі әкімшілік жазадан қылмыстық жауапкершілікке көшумен ғана шешілмек. Мұндай қатаң талап көптеген жол-көлік апатының алдын алып, көлік жүргізушілерін тәртіпке шақырады деген сенім бар.
Айтқандай, Алматыда үш адамның өмірін жалмаған Zeekr көлігіне қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталуға жақын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







