Туризмнің экономикадағы рөлі барған сайын артып келеді. Аталған сала кез келген өңірдің әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, шағын және орта бизнесті қанаттандыратын негізгі саланың бірі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шығыс Қазақстанның табиғаты көрген жанның көңілін баурайды. Алтайдың биік таулары мен Катонқарағайдың орман-тоғайлары, Марқакөлдің мөлдір сулары әлемде сирек кездесетін бірегей табиғи мұра. Мұндай артықшылықтар өңірдің туризм саласын қарқынды дамытуына зор мүмкіндік береді.
Биыл елімізге келген туристер саны 15,3 миллионға жеткені Қазақстандағы туризмнің келешегінен хабар береді. Бұл ішкі нарықтағы экономикалық белсенділікті арттырып, инфрақұрылымның жақсарып келе жатқанын дәлелдейді.

Алдағы уақытта Шығыс Қазақстанға туристерді тарту ауқымды сипат алмақ. 2026 жылы ішкі туристер санын 534 мыңға, шетелдік қонақтарды 44 мыңға жеткізу жоспарланған. Бұл ауқымды міндеттер өңірдің туристік әлеуетін арттырып, жаңа жобалар мен нақты іс-шараларды іске асыруды талап етеді.
Туризмнің дамуы, ең алдымен, сапалы инфрақұрылым мен қызмет көрсету деңгейіне тікелей байланысты. Шығыс Қазақстан осы бағытта кешенді жұмыстарды қолға алып, өңірдің туристік тартымдылығын еселеуге бел буған.
Табиғи ерекшеліктерді ескеріп, бірнеше туристік бағытқа басымдық беріледі. Катонқарағай ауданы – уэлнесс-туризмнің орталығы ретінде қалыптасып, денсаулық туризміне бет бұрады. Марқакөл аумағы экологиялық туризмге ден қояды. Ал Риддер қаласы қысқы спорт пен тау шаңғы туризмінің танымал нүктесіне айналмақ. Өскемен қаласы мен оған жақын орналасқан Ұлан, Глубокое аудандары демалыс күнгі туризмді дамытудың негізгі аймақтары ретінде белгіленіп отыр.

Аталған бағыттардың жүзеге асуы өңірдің экономикасына серпін беріп, тұрақты даму моделін нығайтады. Туризм арқылы табиғат ресурстарын орынды пайдаланып, ел болашағына қызмет ететін тұрақты экономикалық ортаны қалыптастыру басты мақсат. Әдемі табиғаты мен бай ресурстары бар Шығыс Қазақстан өңірі ел экономикасының берік тірегі болуға толық мүмкіндікке ие.
Айтқандай, Шығыс Қазақстан облысынан Конституциялық комиссияның құрамына екі адам енді. Бұл туралы ШҚО әкімдігінде өткен арнайы жиында айтылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

