Кофе ішу гипертонияның (жоғары қан қысымы) пайда болу қаупін арттырмайды. Ғалымдар 315 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен 13 зерттеудің нәтижесін талдап, осы қорытындыға келді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу туралы The Conversation басылымы хабарлады. Талдау нәтижесінде бір шыны кофе ішкеннен кейін систолалық қысым орта есеппен 3-15 мм сынап бағанына көтерілген. Ал диастолалық қысым 4-13 мм сынап бағанына уақытша көтерілуі мүмкін екендігі анықталды. Ал бұрыннан гипертониямен ауыратын адамдарда бұл көрсеткіштер одан да жоғары болуы мүмкін.
Дегенмен ғалымдар қысымның мұндай қысқа мерзімді көтерілуі кофеден мүлдем бас тартуға себеп емес дейді.
«Жынысы, ішу жиілігі, кофеиннің болуы және зерттеу ұзақтығы секілді факторларға қарамастан, кофе тұтыну мен гипертонияның пайда болуы арасында нақты байланыс анықталмады», – дейді зерттеушілер.
Дегенмен, өте жоғары қысымы бар адамдарға кофе ішуді шектеу ұсынылады. Жапонияда 19 жыл бойы жүргізілген зерттеуге сәйкес, қан қысымы 160/100 мм сынап бағанынан жоғары адамдар күніне екі немесе одан көп шыны кофе ішсе, жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім қаупі екі есе жоғарылаған.
Сондықтан ғалымдар көпшілік үшін күніне төрт шыны кофеге дейін ішу қауіпсіз екенін айтады. Ал қысымы жоғары (160/100 мм сынап бағанынан асатын) адамдарға күніне бір шыны кофемен шектеліп, рацион мәселесін дәрігермен кеңескен жөн дейді мамандар.
Айтақанда азанда тәтті тоқаштармен және құрамында қанты көп сусындармен бастау зейіннің шоғырлануын төмендетіп, мидың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретінін ғалымдар алға тартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

