Конституциялық комиссия жаңа Конституция жобасындағы тілге қатысты талқылау барысында қоғам тарапынан қарсылық тудырған бірқатар ұсыныстарды қабылдады. Соның бірі – 9-баптың 2-тармағындағы «тең» сөзі «қатар» сөзіне ауыстырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат Ерлан Сайыровтың айтуынша, әлгі шешім халықтың ұсыныс-тілегіне құлақ түрген мемлекеттің нақты қадамы.
«Конституциялық комиссия отырысында Конституция жобасының 9-бабының 2-тармағындағы «тең» сөзі «қатар» сөзіне өзгертілді. Мұндай өзгеріс комиссияның қоғаммен ашық диалог орнатып, халықтың пікірін ескеріп отырғанын көрсетеді. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты жұмыс істеп жатқанының дәлелі», – деп пікір білдірді депутат.
Желіде журналист Тоқтар Жақаш осы өзгерістің құқықтық салдары туралы сауал қойды:
«Тең» және «қатар» сөздерінің құқықтық күшін айқындадыңыздар ма?», – деп сұрады ол.
Оған жауап ретінде Ерлан Сайыров:
«Қатар» деген сөз «қажет болғанда ғана қолданылады» дегенді білдіреді», – деп жауап берді.
Ал желідегі жұрттың пікірі қақ жарылып жатыр. «Конституциялық комиссия мемтілдің мәртебесіне қатысты қоғам көкейіндегі мәселеге нақты жауап қатты» деген бір тараптың пікірімен екінші жақ келіспеуде.
«Қазақ халқы білімді, озық ойлы. Көнбіс емес. Өз айтары, өзіндік ойы бар. «Қатар» мен «теңді» айыра алады. Кәмпит беріп алдай салатын бала емес. Еліміздің болашағына қатысты қандай да бір шешім қабылдаған кезде, соны біліп жүріңіздер», — дейді Сайыровтың сөзін құптай қоймаған желідегі қауым.
Контекст
Бұған дейін алғашқы Ата заңды әзірлеуге атсалысқан танымал заңгер Майдан Сүлейменов жаңа Конституцияның кем-кетігін жіпке тізіп шыққан. «Конституция ұран емес, заң. Ол болашаққа шақырмайды, қол жеткізгенді бекітеді. Сондықтан преамбуладағы ұрандар мен насихаттың керегі жоқ», — деген еді ол
Ал Бақытжан Базарбек, Қазыбек Иса, Ермұрат Бапи бастаған «ауыр артиллерия» басқаша ойлайды. Депутат Бапидің пікірінше көпшілік өзгерістің ауқымын толық бағалай алмай отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

