Жетісу облысында апатты көпірлерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары кезінде берген тапсырмасына сәйкес атқарылуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінгі таңда облыстағы 15 апатты көпірдің бесеуіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, Ескелді ауданындағы Бақтыбай, Қаратал ауданындағы Көкдала, Көксу ауданындағы Жарлыөзек ауылдарына кіреберіс жолдардағы, Кербұлақ ауданындағы «Сарыөзек – Көктал – Майтөбе» автомобиль жолындағы және Сарқан ауданындағы М.Төлебаев ауылына баратын жолдағы көпірлер қайтадан іске қосылды.
Ал қалған 10 көпірде қазір қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жетісу облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаевтың айтуынша, биыл осы 10 көпірдің 8-і пайдалануға беріледі.
– Қаратал ауданындағы үш көпірдің («Алматы – Өскемен – Молалы – Үштөбе», Түгелбай жайылымы және Тастөбе ауылына кіреберіс жолдарында), Ескелді ауданындағы «Көксу – Балпық Би – Қарабұлақ – Қайнарлы» жолындағы, Алакөл ауданындағы «Қабанбай – Көктұма» жолындағы, Сарқан ауданындағы «Қойлық – Қарғалы» жолындағы және Көктерек ауылына кіреберістегі, сондай-ақ Көксу ауданындағы Айнабұлақ ауылына кіреберістегі көпірлер құрылысы биыл толық аяқталады, – деді Ғалымжан Дәрібаев.
Басқарма басшысы қалған екі көпірдің құрылысы кезең-кезеңімен аяқталатынын мәлімдеді.
Жалпы Жетісу облысында жергілікті маңызға ие 118 көпір бар. Олардың жағдайын жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл өңір тұрғындарының күнделікті қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық дамуға оң ықпалын тигізбек.
Күні кеше ғана Жетісу облысында қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

