Белгілі тележүргізуші, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ескендір Сергебаев президент Тоқаевқа үндеу жолдап, араша сұрады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тележүргізушінің айтуынша, Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы өзіне тиесілі 6 сотық учаскіні қалалық Жер ресурсын қадағалау департаменті «пайдаланбай отыр» деген желеумен алып қойған. Даулы мәселе осыдан 7-8 бұрын басталып, осы күнге дейін жалғасып келеді екен.
«Былтыр желтоқсанда мәселе Түрксіб аудандық сотында қайта қаралып, департамент арызы тағы да негізсіз деп танылды. Тіпті, судья жер теліміне барып, сол жерде сот мәжілісін өткізіп, учаскіде екі ғимарат тұрғанын және аумақтың толық күтімде екенін көзімен көрді. Сөйтіп департаменттің талабын негізсіз деп таныды», — дейді Сергебаев.
Алайда…
Араға бір ай салып департамент әлгі шешімге апелляциялық шағым түсірген. Сергебаевтың айтуынша, істі қараған судья бұған дейінгі шешімді 15 минутта өзгертіп, жерінен айырылған.
«Құрметті президент, әр сөзіңізде Қазақстанның әрбір азаматының құқы немесе бостандығы шектелсе, оның шағымы міндетті түрде тыңдалады дегенсіз. Бірақ сот барысында мені ешкім тыңдаған жоқ. Ата заңда сот жүйесінің тепе-теңдік және тежемелік қағидасы нақты белгіленген. Өкінішке қарай, осы принцип бұзылды. Сізден әділет сұраймын», – деп атап өтті Сергебаев үндеуінде.
Ал желідегі қауымның пікірі қақ жарылуда. «Тоқаевтың 6 сотықтан басқа ісі жоқ па? Президент ондай майда-шүйде мәселемен айналыспайды. Одан да 9 бап туралы айтпайсыз ба?» дейді жұрттың басым бөлігі.
Тележүргізушіге жақтасып жатқандар да бар. «Бұл тек сіздің емес, халықтың проблемасы. Сот жүйесінің тірлігі жұрттың мәселесін доп тепкендей бір-біріне тебеді. Бір дөкейдің жеріңізге көзі түскен болар» дейді Сергебаевтың оқырмандары.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

