Жетісу облысында биыл қант қызылшасы 13 мың гектар алқапқа егіледі. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 838 гектарға артық, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жақында облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі жиында көктемгі егіс науқанына дайындық барысы талқыланды. Осы басқосуда биылғы маусымда қант қызылшасын егу үшін өңірге қажетті 17,4 мың себу бірлік тұқым дайындалып жатқаны айтылды.
Жиында сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев өнімді дер кезінде жинап, өңдеу үшін ерте пісетін сорттарға ерекше мән берілетінін атап өтті.
– Өткен жылғы оң тәжірибемізді ескере отырып, биыл да 3500 гектар жерге ерте пісетін, 120 күндік «Авантаж» сорты егілетін болады. Бұл сорт қант зауыттарына өнімді 10 қыркүйектен бастап қабылдауға мүмкіндік береді. Биылғы жалпы өнім көлемі шамамен 585 мың тонна болады деп күтіп отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда қажетті тұқым көлемін Көксу және Ақсу қант зауыттары қамтамасыз етуде. Бүгінде Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласы бойынша 396 шаруашылықтың тұқымға берген өтінімдері Көксу зауытына жіберілген. Ал Ақсу, Алакөл және Сарқан аудандарындағы 122 шаруашылықтың сұранысы Ақсу зауытына ұсынылды.
Жалпы облыстағы қант зауыттарының өндірістік қуаттылықтарын толық пайдалану үшін биылғы егістік алқабы ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде аймақтың ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, өңір экономикасына оң ықпал етпек.
Айтпақшы, Жетісу облысында апатты көпірлерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын тілішлеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

