Бүгін Алматыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» бірлестігінің президенті Рауан Кенжехан ұатысты. Бұдан басқа елге танымал мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында Аида Балаева елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалар мен жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталды. Вице-премьер Президент бастамасымен қолға алынған жаңа өзгерістердің негізгі мақсаты – әділеттілік, заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз ету арқылы Қазақстанның жаңа даму кезеңіне жол ашу екенін атап өтті.
Аида Балаева 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумның тарихи маңызы зор екенін айта келе, бұл таңдау тек бүгінгі күн үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін де үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Конституциялық комиссия жарты жыл бойы қоғам өкілдерінің ұсыныстарын жинап, мыңдаған пікірді мұқият талдап, жаңа құжатта барынша ескерген.

Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітуінде. Сондай-ақ, құжатта елдің бірлігі мен ынтымағы, ұлтаралық және дінаралық келісім, егемендік пен аумақтық тұтастық ерекше атап көрсетілген.
Жиын барысында мәдениет пен руханият саласына жаңа Конституцияда айрықша мән берілгені айтылды. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, шығармашылық еркіндікті қамтамасыз ету және зияткерлік меншікті қорғау нормалары конституциялық деңгейде айқындалған. Алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы жаңа норманың енгізілуі де атап өтілді.
Контект
Талқылау кезінде Қазақстанның Халық әртісі Болат Әбділманов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев, ҚР Ұлттық орталық музейінің директоры Сержан Саров және өзге де қатысушылар жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерін білдіріп, мәдениет саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Жиын соңында вице-премьер Аида Балаева барша қазақстандықтарды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысып, Жаңа Конституцияны қолдауға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

