«Алтын Орда» базарының бұрынғы иесі Айдарбек Құсайынов Нұрбол Назарбаевты сотқа беріп, одан 15 миллиард теңге талап етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Tengrinews мәліметінше Құсайынов атышулы Болат Назарбаевтың ұлын «негізсіз байыды» деп айыптап, одан қомақты өтемақы өндіруді көздеп отыр. Сот процесі аяқталғанша Нұрболға тиесілі жалпы сомасы 15 миллиард 171 миллион теңге көлеміндегі барлық жылжитын- жылжымайтын мүлік пен банктегі есеп-шотына құлып салынған.
«Құсайынов Болат Назарбаевтың баласынан осыншама өтемақы талап етуде. Талапкердің арызын ескеріп, жауапкердің мүлкі мен ақшасына дереу бұғат қою қажет деп шештік. Кешіксек сот шешімін орындаудан жалтаруы мүмкін», – делінген сот ұйғарымында.
Айдарбек Құсайыновтың есімі Назарбаев әулетіне қатысты атышулы істе жиі аталады. Осыдан 10 жыл бұрын Алматының ең ірі сауда орны «Алтын Орда» базарына иелік ететін «Kurylys LTD» компаниясының 39 пайыз акциясы Құсайыновқа тиесілі еді. Алайда…
2013 жылы жағдай күрт өзгеріп, Серік Апсапаров есімді азамат базарды күшпен тартып алып, акцияларды Болат Назарбаевтың атына жаздыруға мәжбүрлеген. Әулетке қарсы келуден қорыққан Құсайынов өз үлесін құнынан әлдеқайда арзанға 1,3 миллион долларға сатып жіберген.
Кәсіпкердің қорғаушылары: «Оның үлесі 30 есе қымбат болатын. Осылайша, 2013 жылдың жазында «Алтын Орда» базары Болаттың иелігіне өтті» деп мәлімдеген.
Апсапаров не дейді?
2023 жылы Апсапаров сотта өз кінәсін мойындап, үш жылға шартты жаза алғанымен, Құсайынов тартқан залал өтелмеген күйі қалған. Осыған дейін ол Болат Назарбаевқа қарсы бірнеше рет сотқа арызданған. Өзіне тиесілі үлестен айырылып, соңғы 10 жылда жалпы сомасы 50 млрд теңгеге жуық табыстан қағылғанын дәлелдеуге тырысқан.
Кәсіпкердің ендігі нысанасы Нұрбол Назарбаев. Болат Назарбаев өсиетхатын алғаш рет 2014 жылы жазып, онда барлық мүлкін үлкені Нұрболдың атына табыстаған. Құсайынов енді Назарбаевтың ұлынан өтемақы өндіруді көздеп отыр.
Бөкеңнің артында 9 заңды баласы, одан бөлек онға жуық заңсыз бала қалды. Оның ішінде бәйбішенің ұлдары Нұрбол мен Ерболдың қолы ұзын.
Контекст
Бұған дейін депутат Зайытов дәл осы мәселені көтерген еді. «Алтын Орда? Тәркіленген активтің ішінде осы базарға қатысты еш ақпарат жоқ. Сондықтан қоғамның тарапынан сұрақ туындауы заңды. Бас прокурордан Нұрбол Назарбаевтың барлық мүлкін түгендеп, толық тексеру жүргізуді сұраймын», – деген болатын Зайытов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

