Қазығұрт ауданында былтыр 14,6 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 35,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін аудан әкімі Азизхан Исмаилов айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Табанды жұмыстың арқасында ауданда 80 отбасы баспанамен қамтылған. Ал биыл тағы 100 пәтерді қолданысқа беру жоспарлап отыр.
Инфрақұрылым көрсеткіштері бойынша аудан елді мекендері 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Электр желісімен қамту деңгейі 98,4 пайызға жеткен. 61 елді мекеннің 55-і көгілдір отынға қосылып, көрсеткіш 90,1 пайызды құрап отыр. 2027 жылға қарай аудан аумағы толықтай орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмақ.
Жол және әлеуметтік нысандар құрылысы да жалғасуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2025 жылы 21 ішкі көше орташа жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Аудандық бюджет есебінен 12 елді мекендегі 22 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2025 жылы төрт медициналық нысанның құрылысы аяқталса, биыл тағы төрт медициналық мекеменің құрылысы басталмақ.
Білім беру саласында Шарбұлақ ауылында 300 орындық, Сарапхана ауылында 500 орындық және Қазығұрт ауылында 600 орындық мектептердің құрылысы басталған. Өткен жылы 15 мектепке ағымдағы жөндеу жасалса, биыл 35 мектепке жөндеу жүргізу үшін салалық басқармаға ұсыныс берілген.
Экономикалық көрсеткіштер де өсім көрсетіп отыр. 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 162,8 млрд теңгеге жеткен. Тұрбат ауылында 60 гектар аумақта «ТҰРБАТ» агроиндустриалды аймағы құрылған. Жыл соңына дейін толық инфрақұрылым тарту жоспарланып, 416 адамды жұмыспен қамту көзделуде. Былтыр негізгі капиталға 47,9 млрд теңге инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткішті 56 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы саласында 83,1 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Салаға 25,2 млрд теңге инвестиция тартылған. 510 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі енгізіліп, биыл оны 600 гектарға дейін ұлғайту межеленген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы 534,6 млн теңгеге 65 жоба қаржыландырылса, биыл 1,2 млрд теңгеге 98 жобаны қолдау жоспарланып отыр. Былтыр 78,6 шақырым канал механикалық тазалаудан өтсе, биыл 85,5 шақырым каналға осындай жұмыстар жүргізіледі.
Алдағы 2026–2027 жылдары 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде «Қарқын 2030» серіктестігінің 5 000 басқа арналған заманауи бордақылау алаңы, «Agro-irrigation» компаниясының гофрленген ауыз су және кәріз құбырларын өндіретін зауыты, сондай-ақ «Ай-Зере» серіктестігінің заманауи қыш өндірісі жобалары бар. Аталған бастамалар аудан экономикасын әртараптандырып, өндірістік базаны кеңейтуге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

