NASA ғалымдары Curiosity марсоходының көмегімен Қызыл ғаламшардан бұған дейін табылмаған аса ірі органикалық молекулаларды анықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеу нәтижелері Proceedings of the National Academy of Sciences журналында жарияланды. Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық Марстағы пребиотикалық химия, яғни өмірдің пайда болуына қажетті күрделі химиялық процестердің бұрын болжанғаннан да әлдеқайда жоғары деңгейге жеткенін аңғартады.
Марсоходтағы шағын зертхана Sample Analysis at Mars (SAM) аппаратының көмегімен ұнтақталған тас үлгілерінен декан, унедекан және додекан сияқты күрделі органикалық молекулалар табылған. Аталған молекулалардың құрамы сәйкесінше 10, 11 және 12 көміртек атомдарынан тұрады.
Мамандар бұл қосылыстарды май қышқылдарының Марс топырағында жақсы сақталған фрагменттері болуы мүмкін деп есептейді.
NASA мамандарының айтуынша, май қышқылдары Жердегі тіршіліктің химиялық құрылымын қалыптастыруда аса маңызды рөл атқаратын негізгі органикалық қосылыстардың бірі.
Curiosity бұған дейінгі зерттеулерінде қарапайым органикалық молекулаларды ғана анықтаған еді. Енді жаңа ашылған ірі органикалық қосылыстар Марста тіршілік пайда болуы үшін қажетті химиялық процестердің әлдеқайда күрделі деңгейге көтерілгеніне дәлел бола алады, дейді ғалымдар.
Осылайша, NASA-ның бұл маңызды жаңалығы Қызыл ғаламшарда тіршіліктің ізін іздеуде жаңа мүмкіндіктер ашып, Марс туралы танымымызды түбегейлі өзгертуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

