Жетісу облысының жастары Талдықорғанда ауқымды патриоттық форум өткізіп, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды бастаманы жүзеге асырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Жастар» спорт сарайында өткен «START: ЖЕТІСУ ЖАСТАРЫ – ТАҢДАУ УАҚЫТЫ!» атты форумға өңірдің барлық аудан-қалалары онлайн режимде қосылып, белсенді жастар ортақ мәселелерді талқылады.
Форумның негізгі мақсаты жастардың қоғамдық-саяси өмірге араласуын ынталандырып, олардың азаматтық жауапкершілігі мен елжандылық сезімін күшейту. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Гүлнар Тойлыбаева, Мәжіліс депутаттары Болат Керімбек пен Анас Баққожаев арнайы қатысып, жастармен пікір алмасты.
Форумның құрметті қонағы ретінде актер әрі кинорежиссер Ерлан Қасымжанұлы жастармен ашық әңгімелесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол көшбасшылық қабілетті дамыту, жеке жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Іс-шараға өңірдегі университеттер мен колледждердің студенттері, түрлі жастар ұйымдарының өкілдері, белсенді жастар қатысып, пікірлерін ортаға салды. Солардың қатарында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жанбота Айдынқызы да болды.
Жастар форумы қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласып, кештің мәні мен сәнін келтірді. Жетісулық жастар бұл форум арқылы ел болашағы үшін жауапкершілік алуға дайын екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар негізінде өңірді дамытудың алдағы 6 басым бағытын айқындап берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

