Қазақстанда мүлікті сатудан түскен табысқа салынатын жеке табыс салығының жаңа тәртібі енгізілді. Өзгерістерді Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Дина Құсайынова түсіндірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін азамат пәтерді 20 миллион теңгеге сатып алып, кейін оны 25 миллион теңгеге сатса, айырмадағы 5 миллион теңге мүліктік кіріс, мүлік салығы болып саналатын. Бұл сомадан азамат 10 пайыз салық төлеуге міндеттелетін.
Егер азамат салық төлемеуді көздесе, сатып алған мүлікті бір жылдан соң ғана сатуы тиіс еді. Ал жаңа Салық кодексі бойынша осы мерзім екі жылға ұзартылды.
«Жаңа Салық кодексі нормалары 2026 жылдан бастап күшіне енгендіктен, екі жылдық мерзім тек 2026 жылы сатып алынған мүлікке қатысты. Мысалы, сіз 2025 жылдың желтоқсанында 25 миллион теңгеге пәтер алып, оны 2027 жылдың қаңтарында сатсаңыз, бұл бір жылдан астам уақыт өтсе де, бұрынғы заңның талаптары қолданылады. Яғни, мүліктік кірісті есептеу үшін бір жылдық мерзім сақталады. Ал егер сіз пәтерді 2026 жылдың қаңтарында алсаңыз, онда жаңа ережеге сай екі жылдық мерзім қолданылады», – деп түсіндірді Дина Құсайынова.
Сонымен қатар, сатудан түскен табыс 36 миллион теңгеге дейін болса, бұрынғыдай 10 пайыз салық алынады. Ал кіріс 36 миллион теңгеден асса, салық ставкасы 15 пайызға дейін көтеріледі.
Айта кетелік, бұған дейін біз 1 наурыздан бастап біраз нәрсе өзгеретінін жазған болатынбыз. Салық жүйесі, банк саласы, тіпті әлимент өндіруге дейін енді басқаша жұмыс істейтін болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







